Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаз, аяулы ана, сүйікті жар

Ұлағатты ұстаз, аяулы ана, сүйікті жар

Білім мен тәрбиенің негізі – бас­тауыш сыныпта қалыптасады. Мектептің табалдырығын имене аттаған жас жеткіншектің өмірінде бастауыш сынып мұғалімінің алатын орны ерекше. Алғашқы ұстаз әріп танытып қана қоймай, баланың бойындағы қабілетін ашып, болашағына бағыт-бағдар беретін бағбанға айналады. Сондай жанның бірі, бүгінде еңбек өтілінің 40 жылын педагогикаға арнаған аяулы ұстаз – Марина Жансейтова.

Талай шәкірттің өмірден өз орнын табуына аянбай еңбек еткен ардақты ұстаз әрбір шәкірттің жүрегінен ерекше орын алған жан.
Ұстаз атты ұлы есімді жоғары қоятын білікті маман аудан орталығынан кейінгі ең үлкен елді мекен Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі. Ардақты ұстаз 1963 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келіп, ауылда әжесінің тәрбиесінде болған. Ауылдағы мектептен білім алып, білімге құштар болған жан Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титутта қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Институтты тәмәмдаған соң №37 мектеп-лицейде 1986 жылы алғашқы еңбек жолын бастайды.

– Бала кезімнен ұстаз болуды армандайтынмын. «Арман – адамға қанат бітіреді» демекші, бүгінде сол арманның арқасында шәкірттерімнің «Алғашқы ұстазым» деген ұлы есімге ие болып келе жатырмын. Бала өмірінің алғашқы баспалдағын аттаған сәтте қалай білім мен тәрбие берілсе, одан арғы кезеңде өзін тұлға ретінде қалыптастырады. Дана халқымыздың «Жас бала жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» демекші оқушыларға әркез барлық білгенімді үйретіп, күш-жігерімді жұмсауға тырысамын. Алғашқы тұрмыс құрған жылдары шәкірттеріме тыңғылықты көңіл бөле алмай қалдым деп қынжылатынмын. 40 жылдық еңбек жолында қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметте үнемі іздену, өзіңді жетілдіру, білім алу керектігін ұғындым, – дейді білікті ұстаз Марина Жансейтова.

Қай кезде де әрбір сабағын бір біріне ұқсатпай өткізу үшін ізденіп, жеке тұлғаның дамуына жол ашуға бағыт-бағдар беруді мақсат еткен ұстаздың жеткен жетістіктері бір төбе. Атап айтар болсақ, «Білім шыңы» төсбелгісімен, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің екі мәрте «Құрмет грамотасымен», аудандық білім бөлімінің «Дипломымен» марапатталды. Сонымен қатар бастауыш сыныптарға арналған олимпиадаға дарынды шәкірт дайындағаны үшін алғыс хат иеленсе, «Білім шыңы – білікті ұстаз еңбегі» атты кітапқа есімі енді.

Ұстаздың еңбегінің жемісі – шәкірттерінің жеткен жетістігі. Осы орайда Марина Болатқызының оқушылары талай бәйгеден жеңімпаз атанып келе жатқанын айтқан орынды. Мәселен, «Ақбота», «Кенгуру» республикалық интеллектуалдық марафонында А.Берікқызы, Ә.Сәрсенбай мен А.Нұртасқызы ІІ орын, Т.Мұратов, С.Ринатұлы мен А.Әділ ІІІ орын, «Ұлы дала өнертапқыштыққа алғашқы қадам» ғылыми жобасында Ә.Ақан ІІІ орын, «Мың бала» республикалық олимпиадасының «Абай оқулары» конкурсынан А.Әділ бас жүлде, А.Орынбасар ІІІ орын, «Зерде» республикалық зерттеу жобалары аудандық кезең бойынша А.Нұртасқызы мен Ә.Сәрсенбай ІІІ орын алды. «Бозторғай» шығармашылығы байқауында Ә.Сәрсенбай І орын, О.Жаңабай ІІ орын иеленіп, Ташкентке жолдама алды.

Бүгінде 7 мәрте бастауыштан түлек ұшырған, жүздеген оқушының жүрегінен орын алған ұлағатты ұстаз бір әулеттің отанасы, шаңырағының берекесі. Отағасы Жұмақожа Жансейтовпен 37 жыл өмірдің қиындығы мен қызықшылығын бірге көріп келе жатқан берекелі шаңырақ иелері. Аяулы ұстаз жұбайымен 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді, қазіргі таңда 2 немеренің сүйікті әжесі. Өсіп-өнген әулеттің балалары бүгінде өз алдына бір-бір саланың мамандары, кенже қызы студент.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА

04 мамыр 2024 ж. 214 0