Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді

Қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты іс-шараға ауданның еңбек ардагерлері, қазыналы қариялар, ақ жаулықты аналар мен тұрғындар қатысты.

Аудан басшысы қарияларды мерекемен құттықтап, аға буын өкілдерінің ел дамуы жолындағы қажырлы еңбегі үлгі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы қарияларымыз ұлт ретінде сақталуымыз үшін барын салған» деп қазыналы қарттарымыздың қоғамдағы рөлін айқындап берді. Сондықтан да елімізде қарияларды қолдау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналған. Аймағымыздың әр жақсы жаңалығын қуанышпен қарсы алып, үлкендікті көрсетудің өзі бізге күш-қуат береді, жұмысымызды ширатады. Ел Президентінің және Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ауылдарды дамытуға соңғы 3 жылда 170 млрд. теңгеге жуық қаржы бағытталды. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңгені құраса, бүгінде бюджет көлемі 744 млрд. теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда. Мұндай ауқымды жұмыстар ауданда да жүзеге асырылуда. Қазыналы қарттарымыз біздің игі бастамаларымызға қолдау білдіріп, бай тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ауданда 15 ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Ардагерлер ұйымы атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды. Сонымен қатар, елдің бірлігін сақтау мақсатында құрылған қоғамдық кеңестерді де ардагерлер басқарып, өзекті мәселелердің шешілуіне лайықты үлес қосуда. Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, батагөй ақсақал Яхия Тасыров атамыз ортамызда жүр. Ауданда 101 тыл ардагері және 4428 зейнет жасындағы қария кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан еңбектеріңіз және үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі қадірлі қариялар мен еңбек ардагерлерін «Алғыс хатпен» және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Мұнан соң «Ұлағат» әкелер ансамблі, ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

@Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
03 қазан 2024 ж. 169 0