Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Халықаралық қарттар күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Халықаралық қарттар күнімен құттықтауы

Ардақты ардагерлер!

Қадірлі аға буын өкілдері!

Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!


Халқымызда «Төріңнен қартың кетпесін» деген қанатты сөз бар. Біз – қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Өйткені, ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы қарияларымыз ұлт ретінде сақталуымыз үшін барын салған» деп қазыналы қарттарымыздың қоғамдағы рөлін айқындап берді. Сондықтан да елімізде қарияларды қолдау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналған.

Биыл Қызылорда облысының құрылғанына – 85 жыл толып отыр. Өңірдің өркендеуінде қарияларымыз қажырлы еңбек етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғай білді.

Аймақта облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен еңбек ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіліп, өмір сүру сапасын арттырудың кешенді жоспары қабылданған. Соның нәтижесінде, қарияларымыздың өмір жолы өнеге етіліп, оларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары тұрақты жүзеге асырылып келеді.

Ауданымызда қарттарға құрмет көрсетудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Сырдариялық еңбек ардагерлері әркез қоғамдық іс-шараларда белсенді. Қазыналы қарттарымыз біздің игі бастамаларымызға қолдау білдіріп, бай тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ауданда 15 ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Ардагерлер ұйымы атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды.
Сонымен қатар, елдің бірлігін сақтау мақсатында құрылған қоғамдық кеңестерді де ардагерлер басқарып, өзекті мәселелердің шешілуіне лайықты үлес қосуда.

Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 102 жастағы батагөй ақсақал Яхия Тасыров ортамызда жүр. Одан бөлек, ауданда 156 тыл ардагері және 4236 зейнет жасындағы қария кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде.

Құрметті аға буын өкілдері!

Сіздер барлық құрметке лайық екендеріңізді атап өткім келеді. Себебі, әрбіріңіздің ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан еңбектеріңіз зор. Сол себепті үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Құрметпен,
Берік СӘРМЕНБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі
Фото: ашық дереккөзден
Ф
01 қазан 2023 ж. 286 0