Ұлт мүддесін көздеген...
2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Абай күнін белгілеп, еліміздің атаулы мерекелік даталар тізбесіне енгізді. 10 тамызға белгіленген атаулы күн – қазақ қоғамы үшін тарихи оқиға және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жаңа белесіне көтерілгеніміздің белгісі болды.
Абайдың әдеби мұралары – қазақтың бітім-болмысын, ұлттық ерекшелігін тамыршыдай дөп басуымен өміршең. Әдетте, «ұлттық ерекшелік» дегенімізде, қазақтың батырлығы, шешендігі, дархан мінезі, қонақжайлығы ойға оралады. Бірақ, Абай осы бір мақтаулы сипаттарымызға басқа қырынан да қарады.
Батырлық пен басбұзарлықты, шешендік пен сөзшеңдікті, дархан мінез бен даңғойлықты, қонақжайлық пен ысырапшылдықты шатастырған халықтың өркениетті қоғам құруы екіталай екенін айтып, жалпақ жұртты алға сүйреді. Хакім өмірден өткелі қазақ қоғамы екі бірдей саяси жүйенің теперішін бастан өткерді. Социалистік жүйеден құтылып, егеменді ел болсақ та, ақынның көтерген мәселелері әлі де өзекті.
«Қалың елім, қазағым» деп толғанып, «Адамзаттың бәрін сүй» деп өсиет еткен, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» «толық адамның» қасиеттерін тізіп берген Абай Құнанбайұлының қай өлеңін оқысақ та, өнеге мен тәрбиеге, философияға толы.
Қазақтың бас ақыны өз мәні мен маңызы жоғары шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, қалың ұйқыдағы елге қозғау салып, бес асыл іс пен бес дұшпанды ажырата білу керектігін дәріптеді. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін нақты мысалдармен жеткізді. Ақын халықтың ізденісті серік етіп, оқып-үйренгенін, тіл меңгергенін, заман талабына сай кәсіп игергенін қалады. Әр шығармасында елді ынтымақ пен бірлікке шақырып, жастарды жалқаулықтан, ұйқышылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күндеуден, көре алмаушылықтан, жат әдеттерден аулақ болуға үндеді. Сондықтан Абай мұрасы отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің түпкі негізі болып табылады. Осы ретте, ұлы ақынның шығармаларын қазіргі заманның талаптары мен тетіктерін ескере отырып, барлық салада кеңінен насихаттаған жөн.
Абай Құнанбайұлы туралы зерттегендер де, індете ізденгендер де көп. Солардың ішінде Абайдың бұрын-соңды қазақ ақын-жырауларына ұқсамайтын даралығын алғаш тілге тиек еткен Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевтар еді. Мағжан ақын 1912 жылы «Шолпан» журналында «Алтын хакім Абайға» деп өлең арнаса, Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақала жазды. Одан кейін Абай Құнанбайұлының өзін, шығармашылығын зерттеп, көлемді, ауқымды еңбектер жазған ғалым-жазушылар қатарында Мұхтар Әуезов, одан беріректе Мекемтас Мырзахметұлы, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ғаббас Тоғжанов, Ғарифолла Есім есімдерін ерекше айтып өтуге болады.
Абайдың «хакім» есімін жан-жақты зерделеп берген ғалым Ғ.Есім «Абай ұлттық ойлаудың ерекше үлгісін ұсынған. Абай ұсынған ойлаудың үлгісі – хакімдік. Ол осы хакімдік арқылы ұлттық ойлауды әлемдік деңгейге көтерді. Абайдың хакімдігі Сократ, Платон, Аристотель дәстүріндегі ойшылдық. Сондықтан ұлттық ойлауды Абай көтерген деңгейден түсірмеу – абайтанушылардың бәрінің есінде болатын қағида» деп түйіндейді.
Ұлт ұстазының ұлағаты – ешқашан өз маңызын, құндылығын жоғалтпайтын өнеге, өшпес өсиет екені анық. Ең бастысы, ақынның еңбектерін дәріптегенде асыра сілтеп, бұрмалауға жол бермеген абзал. Бұл туралы пікір білдірген абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы «Абайды тану қиын. Оның көп сыры әлі ашылмай жатыр. Абайдың іздегені не өзі?.. Оның тапқаны – толық адам ілімі болды. Толық адам ілімінің берері көп. Жастарымызға осы ілімді үйретсек, олар толық, кемел адам болуға ыңғайлана бастайды» деп түйіндейді. Ғалымның пікірінше, Абай күнінде ат шауып, көкпар тартқызып, жарыс ұйымдастыру жай нәрсе болып қалмақ. Халыққа қажеті – Абайдың мұрасын түсіндіріп беру.
Осыдан төрт жыл бұрын атаулы мерекелер тізбесіне енген Абай күні туралы пікірінде Президентіміз де бұл күннің той қуалайтын емес, ой қуалайтын дата екенін айтқан еді. Мемлекет басшысы айтқандай, ғұламаның өлшеусіз еңбегіне орай белгіленген атаулы күнді ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуға, дамытуға арнау керек. Осы тұрғыдан келгенде Абай күнінің мән-маңызы айрықша, көтерер жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті. Қорыта айтқанда, баба рухына тағзым етіп, атаулы датаны мағыналы етіп өткізу – жалпақ жұртқа үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш. Ал Абай мұрасы – ұлтымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Ол адам болмысының терең қатпарын толық қамтып, бүгіні мен болашақты ұштастырған өміршеңдігімен қымбат. Халық қаншама тарихи кезеңдерді бастан өткерсе де, Абай мұрасы, Абай өсиеті жол көрсетер темірқазығы, бой түзейтін айнасы, ой түзейтін кемеңгері болып қала бермек.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ