Ұлтты ұйыстырған ұлы ақын
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Абай күнін белгілеп, еліміздің атаулы мерекелік даталар тізбесіне енгізді. 10 тамызға белгіленген атаулы күн – қазақ қоғамы үшін тарихи оқиға және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жаңа белесіне көтерілгеніміздің белгісі болды.
Зиялы қауым өкілдері мен абайтанушы ғалымдар Ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай дербес күннің белгіленуі өте орынды бастама болғанын айтып, бірауыздан қолдады. Өйткені, санамызды жаңғыртып, сапамызды арттыруда ақын Абай Құнанбайұлының еңбектерінің алар орны ерекше. Сондықтан бұл шешімді бас ақынға ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына, тұтас ұлт руханиятына көрсетілген зор құрмет деп қабылдауға болады.
Ұлы ақын өз мәні мен маңызы жоғары шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, қалың ұйқыдағы елге қозғау салып, бес асыл іс пен бес дұшпанды ажырата білу керектігін дәріптеді. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін нақты мысалдармен жеткізді. Ақын халықтың ізденісті серік етіп, оқып-үйренгенін, тіл меңгергенін, заман талабына сай кәсіп игергенін қалады. Әр шығармасында елді ынтымақ пен бірлікке шақырып, жастарды жалқаулықтан, ұйқышылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күндеуден, көре алмаушылықтан, жат әдеттерден аулақ болуға үндеді. Сондықтан Абай мұрасы отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің түпкі негізі болып табылады. Осы ретте, ұлы ақынның шығармаларын қазіргі заманның талаптары мен тетіктерін ескере отырып, барлық салада кеңінен насихаттаған жөн. Мұны ескерген Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, ұтымды ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты көлемді мақаласында да данышпан ақынның ілімін зерделеу арқылы елді білім игеруде, тәрбие мәселесінде, жаңа кәсіп үйренуде және ынтымақ-бірлікте Абайға жүгінуге шақырды.
– Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді. Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет, – деген еді Президент.
Шын мәнінде, ұлт ұстазының ұлағаты – ешқашан өз маңызын, құндылығын жоғалтпайтын өнеге, өшпес өсиет екені анық.
Ең бастысы, ақынның еңбектерін дәріптегенде науқаншылыққа жол бермеген абзал. Президентіміз айтқандай, ғұламаның өлшеусіз еңбегіне орай белгіленген атаулы күнді той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуымызға арнауымыз қажет. Осы тұрғыдан келгенде Абай күнінің мән-маңызы айрықша, көтерер жүгі ауыр екенін ұғамыз. Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлы күткен үдеден шығу, баба рухына тағзым етіп, жалпақ жұрттың алдында атаулы датаны мағыналы етіп өткізу – бәріміз үшін үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ