Қолдау һәм жауапкершілік
Мемлекет басшысы өткен аптада «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Жаңа заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Министрліктің хабарлауынша, бұл заңның негізгі мақсаты – ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етуге, журналистердің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік желілердегі контентті реттеуге бағытталған.
Сала жұмысын реттейтін заңның маңыздылығы Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған еді. «Масс-медиа туралы» заң соған сәйкес мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жаңа заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енгенін жоғарыда айттық. Бірақ аталған заңдар алдағы уақытта күшін жояды. Өйткені жаңа заңда бірқатар тың ережелер қарастырылған. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілді.
– Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған. Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Яғни, журналистің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын журналист мәртебесі деп түсіну керек, – деп ақпарат таратты Президенттің баспасөз қызметі.
Осы ретте шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін іс-әркеттердің де нақтыланғанын айта кетуіміз қажет. Мәселен, мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл деп белгіленген. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі жетілдірілді. БАҚ-тың сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылуы да жаһандану заманында аса маңызды. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Осылайша ақпараттың өзектілігі сақталады.
Заңда БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеуі үшін қоғамдық-кәсіптік кеңестер құруы көзделген. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін. Бұл кеңестердің негізгі қызметі – журналистердің әдеп кодексін әзірлеу болып табылады. Мұнан бөлек гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Сондай-ақ ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұған кезең-кезеңмен көшу тәртібі – 5%, яғни 2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60% болып нақтыланған. Ал отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және (немесе) жариялауға тыйым салынады.
Байқағандарыңыздай, жаңа заң журналистерді қолдаумен қатар сала жұмысының жауапкершілігін де арттырды. Бұл жұмыстың сапалық мазмұнына тікелей әсер ететіні анық. Күнделікті жұмыс барысында заңның талаптарын басшылыққа алатын боламыз. Десе де көптен күткен заң туралы ой-пікірді бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта да «Масс-медиа туралы» заң төңірегінде міндетті түрде жазылады.
А.ИБРАГИМҰЛЫ
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»