Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алаяқтар-ақ шаршатты»

«Алаяқтар-ақ шаршатты»

Бүгінде екінің бірі «Алаяқтар-ақ шаршатты» деп алаңдаулы жүзбен бір-біріне мұң шағады. Мұның себебі де жоқ емес. Сіз басшы болсаңыз да, қосшы болсаңыз да алаяқтар кез келген уақытта сізге қоңырау соғып, телефонның арғы жағынан емін-еркін үн қатуы мүмкін. Мұндай қитұрқы әрекеттер кейде күніне бірнеше рет қайталанады.

Алаяқтық қылмысымен күрес аудан әкі­мі­нің төрағалығымен өткен кезекті комиссия отырысында талқыланды. Аудан­дық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ә.Қанзадаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен қабылданған шараларды саралады.

– Интернет пен цифрлы техноло­гия­лардың қолжетімді болуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өміріміз­де цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасу тетігі болып қана қоймай, сауда-сат­тық­тың негізгі алаңына айналды, – деп бастаған полиция подполковнигі мұндай қылмыстарға жол бермеу, алдын алу жұмыстары еліміздің ғана емес, қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінің өзекті мәселелерінің біріне айналғанын айтты.

Интернет-алаяқтардың алаяқтардан айыр­­ма­шылығы, оларды анықтап жауап­кер­­шілікке тарту әлдеқайда қиынға соғады екен. Себебі олардың кім екені, қай­да екені белгісіз, ал шетелдерде жұмыс істейтін қылмыскерлерді табу тіпті қиын. Осының барлығын анықтау жұмыс­тары ұзақ уақытқа созылатын тергеу амалдарын талап етеді. Әдетте алаяқ­тар жәбірленушілерді сауда-сат­тық­тағы жалған жеңілдіктермен, қаржыны тым жоғары пайызбен еселеп берумен, тауарын тиімді шарттармен сатып алу­мен қызықтырады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің атын жа­­мы­лып, жақын туысы­ның есірткі затымен ұста­лып тұрғанын айтып, қаржы бопсалайды. Кей жағдай­да өз­дерін банк қыз­мет­кері ре­тін­де таныс­тырып, дербес де­­рек­­­­терін заң­­­­­сыз ием­дену ар­қы­­­лы қара­­жат жым­­­­қы­рады не­месе бөтен­­нің атынан он­лайн-несие­­лер рәсім­деп жатады.

– Интернет алаяқтықтың біз­ге белгілі негізгі түрлері бар. Алаяқтар ең ал­дымен ұялы телефон арқылы қоңырау шалып, өзін банк қызметкері немесе полициядан деп таныстырып, түрлі сылтау­ларымен қорқытып, ақша талап етеді. Сонымен қатар сеніміне кіріп, онлайн несиелер рәсімдеу де белең алуда. Ал түрлі электронды сайттардағы сату алаңдары мен WhatsApp арқылы ақша айырбастауға, букмекерлік кеңсе арқылы ақша көбейтуге көбіне жастар ұрынып қалып жатады. Өңірімізде алаяқтық қыл­мыстардың алдын алу мақсатында облыстық полиция департаменті тарапынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге, сондай-ақ ерекше қызығушылық танытатын ғаламтор парақшаларына жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп келеді. Құқықбұзушылық белгілері бар күмәнді ақпараттарды әшкерелеп, бұғат­тау бағытында жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы.

Алаяқтармен күресте халыққа тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізудің де маңы­зы зор. Аудандық қоғамдық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Т.Нұрмағанбетов аудан тұрғындарына алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы түсіндірмелік мақалалар мен бейнероликтер жарияланып, сақтық шаралары ескертіліп жатқанын айтады. Бұл жұмыс әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұйымдастырылуда.

– Интернет алаяқтарға тосқауыл қоюдың бір ғана жолы – бұл бір-бірімізге жанашырлық танытып, қаражатымыздың қауіпсіз сақталуы үшін сақтық шаралары туралы кеңінен насихаттап, жұртшылыққа ескерту болып табылады. Жерлестерімізге сақтық шаралары ретінде жеке куәлік деректерін, төлем карталарының мәлімет­терін, құпия сөздерді және смс кодтарды ешкімге айтпау керектігін ескертеміз. Мұнан бөлек белгісіз әрі тексерілмеген сайт­тар мен күмәнді сілтемелер арқылы төлем жүргізбеуге, ұялы телефон мен ком­пью­терге белгісіз қосымшаларды ор­нат­­пауға шақырамыз, – дейді аудандық қоғамдық даму бөлімі басшысының мінде­тін атқарушы.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: azh.kz
25 маусым 2024 ж. 181 0