Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыс деңгейі азайған

Қылмыс деңгейі азайған

Жақында аудандық полиция бөлімінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз бри­фингі өткізілді. Жиында аудандық полиция бөлі­мі­нің бастығының міндетін атқарушы, полиция полков­нигі Нұрлан Садықов бөлімде 2021 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімдеді.

Биылғы жартыжылдықта аудандық полиция бөлімі түрлі санаттағы қылмыстың алдын алу, болдырмау және орын алған құқық-бұзушылықтардың ізін суытпай ашу үшін бірнеше бағытта жұмыс жасаған. Жалпы 72 қылмыстық құқық-бұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыс­тырғанда 19,1 пайызға төмендеген. Бөтен мүлік ұрлығы 35-тен 27-ге, оның ішінде мал ұрлығы 9-дан 4-ке, пәтер ұрлығы 7-ден 5-ке азайған. Аудан бойынша қоғамдық орында жасалған қылмыс 9-дан 8-ге, алкогольді масаң күйде жасалған қылмыс 13-тен 3-ке қысқарған. Ал бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс 38-ден 16-ға, топтасып жасалған қылмыс 16-дан 5-ке, жөспірімдер қылмысы 6-дан 0-ге азайып отыр.

– Жыл басынан бері ауданда 1 алаяқтық қылмыс орын алған. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі мен интернеттің қолжетімділігі алаяқтардың амалын жеңілдетуде. Учаскелік полиция инспекторларымен ҚР «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының талаптарына сай тұрмыстық ортада құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты 52 қорғау нұсқамасы шығарылып, аудандық сотпен 12 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап белгіленген. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын-алу, оған жол бермеу мақсатында ІІО-ның профилактикалық және тізімдік есебінде тұратын тұлғалармен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Аудандық сот арқылы маскүнемдер есебінде тұратын 3 азамат Қызылорда қаласындағы еріксіз емдеу орталығына жатқызылды. Сонымен бірге 43 азамат маскүнем ретінде бөлімнің тізімдік есебіне алынды. Нәтижесінде, 6 айда отбасы-тұрмыстық ортада қылмыс орын алған жоқ, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Нұрлан Садықов.

Айта кету керек, баспасөз брифингінде жол-көлік оқиғасы, әкімшілік құқық бұзушылық, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы мен басқа да профилактикалық іс-шаралар барысы талқыланды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
24 шілде 2021 ж. 373 0