Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алаяқтықтан абай болайық!

Алаяқтықтан абай болайық!

Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – алаяқтық. Қазіргі дамыған заманда алаяқтар азаматтардың атынан онлайн несие алу және адамдардың интернет-алаяқтық әсерінен қарызға батуы проблемаға айналды. Интернет желісінде жасалған қылмыстар, оның ішінде әлеуметтік желілерде вирустық сілтемелерді тарату туралы хабарландырулар көп кездесуде.

Қашықтықтан жасалған қылмыстарды тал­дау көрсеткендей, дайындалған немесе жасалған телефон алаяқтық қылмысының белгілерінің бірі алаяқтар «банк қауіпсіздігі қызметкерлерінің» рөлін атқарып, телефон арқылы сөйлесу барысында банк картасы (банк картасының нөмірі, сондай-ақ CV-код) бойынша ақпарат алған кезде болады. Адамдардың жеке басына қатысты көптеген дербес деректерді бөгде адамдардың қол жеткізуі интернет-алаяқтыққа алып келе­ді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде төлқұжаты бар кез келген бала несие алуға мүмкіндігі бар деген ақпаратты табуға болады. Кейбір жерлерде олар тіпті төлқұжат қажет емес деп жазады. Болашақта интер­нет-алаяқтықтың даму деңгейін, оның қауіп­тілік дәрежесін болжау мүмкін емес.

Алаяқтық қылмысына, алаяқтарға қалай төтеп беруге болады? Сырдария аудандық прокуратурасы азаматтарды аса мән беруге шақырып, бірқатар маңызды бағыттарды оқырман назарына ұсынады. Алаяқтар кез келген нөмірді қолдан жасап, сол нөмірден түрлі SMS жолдап, сендіруге тырысады. Сондай-ақ кейінгі шыққан түрінде өзін құқық қорғау органдарында істейтін адам ретінде таныстырып, қызметтік куәлігін, жеке куәлігін, қауіпсіз есепшоттың реквизиттерін, өзге де нұсқаулықтарды жолдап отырады. Заман дамығалы алаяқтық әдістерінің де небір түрі қоса шығып жатыр. Заманауи технологиялардың көмегімен банк­тің байланыс орталығының нөмірін қолдан жасап, содан хабарласқандай кейіп танытады. Тағы бір айта кетерлігі, алаяқтар Қазақстанда ғана емес, тіпті басқа елде де отырып, алдап түсіруі әбден мүмкін.

Мұндайда не істеу керек? Ең алдымен, сізге қатысты қандай да бір мәліметті растап, сіздің атыңызға тіркелген картаны білу үшін мемлекеттік орган қызметкерлері де, банк менеджерлері де телефон арқылы хабарласпайтынын есте сақтаңыз. Ол үшін арнайы ақпараттық жүйелер бар. Мамандар сол жерден қарап, біледі. Сондықтан банк менеджерімін деп не полиция орган­дарының өкілімін деп сауалдар қоя бастаса, бірден күдіктену керек. Нақты сол жақтан хабарласып тұр ма, жоқ па күмәнданған кезде телефон тұтқасын қойып тастап, нақты байланыс орталығының өз нөміріне хабарласу керек. Мазасын аламын деп уайымдамаңыз. Осындай себеппен, нақты­лау үшін хабарласқаныңызға еш қызметкер ренжімейді. Өйткені анықтауға құқығыңыз бар. Бастысы, қобалжымаңыз, артық уайым­ға салынбаңыз. Ойланбай шешім қабылдап, жеке деректеріңізді біреуге жолдамаңыз және айтпаңыз.

Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.

Интернет алаяқтардан сақ болудың қара­пайым қауіпсіздік шаралары: дербес дерек­­терді, пластикалық карталардың мә­лімет­терін, кодтарды және құпия сөздер­ді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тек­серілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойын­ша ақша аударымдарын жүзеге асыр­мауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабар­ламаларға сенбеуге шақырамыз. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқ­тардан өзін қорғай алады.

Сырдария ауданының
прокуратурасы
Фото: dauletten.kz


06 ақпан 2024 ж. 191 0