Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таланттар шеберханасына айналған руханият ошағы

Таланттар шеберханасына айналған руханият ошағы

Мәдениеттің негізгі мәйегі – өнермен ұштасқан ұлт руханиятының құндылығында жатыр. Қазақ халқында мәдениет пен өнердің толықтай құрылымы – жанрлық ерекшелік пен салт-санаға негізделген шығармашылық тұжырымнан тұрады. Бұл ретте, мәдениет саласындағы көптеген тың дүниені тізбектей бастағанда «Ел іші – өнер кеніші» екені еске түсері анық. Өрісте малы жайылып, егістікте Сыр салысы жайқалған Шаған ауылында қым-қуыт тіршілігімен айналысқан бір қауым ел бар. Аудандағы көлемі үлкен елді мекенге атбасын бұрғанда мәдениет саласында атқарылып жатқан біршама ауқымды жобаны көзімізбен көрген едік. Ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Медетпен емен-жарқын әңгімелесіп, руханият ордасында жүзеге асырылған межелі жұмыс жөнінде сұхбаттастық.

– Ербол Кәртайұлы, ізгіліктің ұясы саналатын ұлт мәдениетінің ауылдағы деңгейін қаншалықты бағалайсыз? Тәжірибесі толысқан басшы ретінде өзіңіз жетекшілік ететін руханият ошағының тарихына тоқталсаңыз.

– Шаған ауылы негізінен басқа елді мекендерге қарағанда халқы мен көлемі жағынан көп. Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік ұстанған жергілікті тұрғындар өнерден құр алақан емес. Өнерімен елге танылған жандар арамызда жеткілікті. Жас өнерпаздармен қатар, аға буын өкілдері мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Әрбір кезеңде ауыл мәдениеті өздігінен түрленіп, талантты жандар қаулап шыққанын көпшілік жақсы біледі. Әрине, берекесі тасыған ауылда өнердің тамыры тереңге жайған. Мәдениет үшін туған ел азаматтары барда ұлт мәдениетін жергілікті аумақта жандандыра береміз.

Негізінен, Шаған ауылдық мәдениет үйінің ғимараты осыдан 45 жыл бұрын типтік негізде пайдалануға берілген. 400 орынға лайықтандырылған мәдениет ошағын бұған дейін ауылдың ардақты азаматтары Нағыман Әйтенов, Өмірбек Сарыбаев, Нұрлан Жанәбілов, Әлібек Жансейітов, Кенжебек Сарыбаев басқарған. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы бола білген ел азаматтарының ізін басып, ауыл мәдениетінің көшін алға сүйреп келеміз. Соңғы 22 жылда ел артқан сенім үдесінен шығуға тырысып келеміз.

– Мәдениет ошағында өнерпаз­дарды шыңдау жолында қанша үйірме жұмыс жасап келеді?

– Шындығында, сан бағыттағы үйірменің ауыл балаларына берері мол. Мәдениет үйінде тұрақты жұмыс жасайтын 7 үйірме бар. Оның ішінде, 2 халықтық ұжым жергілікті жұртшылықтың игілігі үшін қалтқысыз қызмет етуде. Атап айтқанда, ән, ардагерлер, жас қалам үйірмесі, домбыра үйірмесі, драма үйірмесі, «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі, және «Сарыбаевтар халықтық отбасылық ансамблі өнердің сан қырынан көпшілікке танылуда. Бүгінде үйірмелердің 100-ден аса мүшесі мәдениет үйімен тығыз байланыста. Балалардың шығырмашылық негізін қалыптастыруда білікті маман Жәнібек Тасбергеновтің, Гүлзира Райымбекованың, Қымбат Мырзабпарова секілді мамандардың еңбегі ерекше.

– Ауыл өнерпаздарының қол жеткізген жетістіктерін айтып бересіз бе?

– Біздің өнерпаздарымыз жыл көлемінде шығармашылық байқау­ларда топ жарып жүр. Осыдан 8 жыл бұрын халықтық атағын қорғаған «Сыр гүлі» ансамбілі тәжірибелі маман Гүлзира Раймбекованың жетек­шілігімен халықаралық «Қамажай» және «Талантты Жұлдыз» бай­қауында бас жүлде, Түркістан облысында өткізілген «Жарық жұлдыз» байқауында І орынды еншіледі. Жас әнші Әлия Медет халықаралық «Туған өлке», Ғұмырдария» байқауында бас жүлде иеленді. Ал Нұрислам Айбекұлы «Талантты жұлдыздар» балалар байқауында І орынды қанжығасына байлады. Облыстық С.Майқанованың 110 жылдығына арналған «Сәбира апа ізімен» атты аудандық байқауда Фарида Әбенова І орынды, республикалық «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты көркем сөз байқауында үйірме мүшесі Зарина Жәнібекқызы бас жүлде, облыстық «Тарихынды таны, тұлғаңды құрметте» атты облыстық ақындар мүшайрасында Ақерке Балманова ІІ орын, «Біздің ауыл» атты өнерлі ауылдар байқауында Шаған ауылдық мәдениет үйінің ұжымы І орын, аудандық «Күй құдыреті» атты күйшілер байқауында Раушан Ерболатқызы ІІ орын, облыстық «Балдәурен» тақырыбындағы балалар арасында Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған көркем сөз байқауында Нұрислам Бекет, ІІІ орын, аудандық «Тау мүсінді тұлға» атты аудандық жазба ақындар мүшайрасында Шегемай Башенов І орынды жеңіп алды.

– «Адал адам» мәдени орта­лығы тұжырымдамасы негі­зінде ауылдық мәдениет үйінде қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда?
– Шаған ауылында «Адал адам» мәдени орталығы тұжырымдамасының «Креативті HUB» жобасы аясында қолөнер шеберлері бұйымдарының «Сырлы өнер» атты көрмесі жүзеге асты. Ауылға қарасты мекеме ұжымдары арасында «Өнерлі мекеме» атты сайыс өткізілді. «Сыр гүлі» халықтық би ансамбілінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Бізге жиырма жыл» атты мерекелік концерт көпшілік көңілінен шықты. «Жанұя шуағы» жобасы аясында «Толағай» атты отбасылар сайысы, Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші альянсы, саясаткер-әйелдер клубы, «Бойтұмар-ханым» қоғамдық қорының және ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» тақырыбында көпбалалы батыр аналар және берекесімен сыйластығы бекем үлгілі отбасыларымен кездесу кеші ерекше мән-мағынасымен көпшілік талғамынан шыға білді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
04 мамыр 2024 ж. 198 0