Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл халқының алғысына бөленген

Ауыл халқының алғысына бөленген

Кей адам өнер үшін жарал­ғандай... Осындай өнерлі жан­дардың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Медет Ербол Кәртайұлы.

Сырдария өзенінің сол жақ аңғарындағы шаттық ұялаған Шаған ауылында өнері өрге жүзген таланттылар көп. Солардың басын қосып, ауыл мәдениеті мен руханиятын көтеруде ерен еңбек етіп жүрген Шаған ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Кәртайұлы мәдениет жолына қаражаяу келмеген. 1981 жылы дәл осы ауыл топырағында кіндік қаны тамған өнерпаздың бойына киелі қасиет әкенің қанымен, ананың сүтімен, туған жердің топырағымен дарыған. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған бозбала арман қуып, ілім іздеп, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетте білімін толықтырады. Жоғары оқу орнын бітірген соң «Туған жерге тағзымды» ту етіп, шырайлы мекеніне қайта оралған. 2003 жылы ауылдық мәдениет үйіне көркемдік жетекші болып жұмысқа қабылданған ол өзінің таланты мен таудай талабының арқасында сол жылы мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалған. Бүгінде ауылдық мәдениет үйінде жұмыс жасап тұрған бес үйірме мен екі халықтық ұжымда 112 адам қамтылған. Үйірме мүшелері аудандық, облыстық, республикалық көлемдегі байқауларда бақ сынап, жеңіс шыңынан көрініп келеді.

Жасынан қатарынан оза шауып, жүйрік болған жігіттің талай бәйгеде қанжығасы майланған. 1994 жылы «Таңшолпан» теле­байқауындағы бас жүлдеден басталған өнер жарысындағы жолы жеңіспен жалғасып, 2004 жылы Жаңақорған ауданында өткен «Отаным – бақыт ордасы» атты патриоттық ән байқауында І орын иеленген. 2004 жылы Жастардың шығармашылығын дамыту, өнерлерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған «Жастықтың оты жалындап» атты форумда арнайы дипломмен, 2006 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Алғыс хатымен», 2006 жылы «Егемен Қазақстан» атты патриоттық ән байқауында дипломмен марапатталған Білікті басшының одан кейін де жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Егемен елдің ертеңі» атты облыс жастарының дәстүрлі ІҮ форумында облыс әкімінің дипломымен, 2011 жылы «Үздік мәдениет үйі» директоры дипломымен, тағы басқа да марапаттарға ие болған.

Ербол Кәртайұлы басқарып отырған ауылдық клуб та өзара сайыстарда ұдайы үздік шығып отырады. 2013 жылы «Серпінді мақсат тудырған Жолдау» атты клуб меңгерушілерінің облыстық байқауында Шаған ауылдық мәдениет үйі ұжымы жүлдегер атанған.

Халықаралық, республикалық дәрежедегі байқаулар мен іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысып жүрген өнерпаз қанаттандырған шәкірттер де ұстаз жолын жалғап, ұдайы биік белестерді бағындырып келеді. Сөзіміздің дәлелі – 2015 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Ақкөгершін» балалар шығармашылық байқауында «Жоғары дәрежелі жетекші» дипломымен марапатталуы.

Тума талант әрі өнер иесі, білікті басшы өз мақсатының болашақ ұрпақ үшін игі іс атқарып, келешекке кемел қызмет ету екендігін айтады.

– Өнер жолы ауыр екені әмбеге аян. Десе де, бұл – мамандық. Менің өз кәсібіме деген сүйіспеншілігім мен махаббатым – жаңа белестерді бағындыруымның бас­ты себебі. Қамал бұзар жасқа келдік, ендігі мақсат өнер дейтін киелі жолды жалғастыратын шәкірт тәрбиелеу ісіне ден қойып жүрмін.

Руханият ошағына айналған ауылдық мәдениет үйіне келсек, жыл сайын жаңа құрылғылармен, қажетті жабдықтармен толықтырылып, жаңарып келеді. Біз, өз кезегімізде, жұмысты әлде де жетілдіретін боламыз, – деді өнерпаз шағын әңгімемізді жалғап.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Ербол Медет туралы бізден гөрі әріптестері көбірек білетіні анық. Сол үшін білікті басшының өнер мен қызмет жолындағы жанашырларынан бір-екі ауыз пікір сұраған едік. Алған жауабымыз – ыстық ықылас болды.

– Талантты, өнерпаз басшы Ербол Кәртайұлы аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытады. Әдістемелік семинар ұйымдастырып, өзінің жұмыс тәжірибиесімен облыс көлемінде бөлісіп келеді. Ербол – республикалық, халықаралық ән байқау­ларының жеңімпазы. Ол басқарып отырған мәдениет үйі ұжымы да әрдайым үздік атанып жүр. Шаған ауылдық мәдениет үйінде 2 халықтық ұжым жемісті жұмыс жасауда. Сондай-ақ мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайту, ғимараттың іші-сыртын безендіріп, көркейту-көгалдандыру жұмысын үнемі жетілдіріп отырады, – деп пікір айтты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақбота Асанова.

Жастайынан өнер жолына түсіп, мәдениет саласына бет бұрған, халық әндерін әуелетіп, елдің рухани байлығын көркейтуде өзіндік үлесін қосып жүрген азамат бұл күнде отбасылы. Екі қыз, бір ұлдың әкесі. Балалары да әкесінің ізін басып, өнерге бет бұрып келеді. Қызы Әлия Ерболқызы үш жасынан бастап байқауларға қатысқан. Бүгінде №37 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы, әнші Әлия үлкен еңбектің нәтижесінде Македонияға жолдама ұтып алған.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
22 мамыр 2021 ж. 711 0