2024 – Руханият жылы
Мәдениет – ұлттың мәйегі. Ал руханият пен мәдениет егіз ұғым. Сүлейлердің ізі қалған, тамыры терең, тарихы кенен Сыр елі небір таланттар мен дарындарды дүниеге әкелген. Дария бойын жайлаған ел – түркі мәдениетінің алтын қазығы.
Облыс әкімінің тапсырмасы аясында биылғы жыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» ретінде атап өтілмек. Әр жыл дала төсін мекен еткен халық үшін рухани баю, мәденит пен өнер саласында жағымды жаңалықтарға толы жыл екені аян. Осы үлгілі үрдісті одан әрі жандандыру мақсатында биыл ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы аймақ басшысы облыстық мәслихат сессиясында айтты.
– Соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археологиялық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шет елдерде сақталған жәдігерлер көшірмелері ел назарына ұсынылатын болады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сырдың елі – жырдың елі атанған аймағымызда жыл сайын мәдениет пен өнер саласында ауқымды іс-шаралар атқарылып, маңызды жобалар жұмысын жандандырып келеді. Атап айтар болсақ, былтыр тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттан жасақталған симфония оркестрі құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін өнерпаздарды қолдау мақсатында Инклюзивті театр үйірме жұмысын бастады. Сондай-ақ «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылып, көрермен ықыласына бөленді. Астана қаласында өткен Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын да айтпай өтуге болмайды. Сыр өнерпаздарының өнері де, тартуы да елорда тұрғындарының жоғары бағасына ие болуы – облыс өнерпаздарының маңдай терінің жемісі деуге негіз бар.
Мәдениет пен руханият саласын жандандыру бағытында алда атқарылар шаруалар да ауқымды. Атап айтар болсақ, көктемде Алматы қаласында Сыр елінің мәдениет және өнер күндері ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, өз жұмысын бастау әзірлігінде тұрған Өнер орталығы, Жыраулар үйі туралы да айта кеткеніміз орынды. Сондай-ақ облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», барлық ауданда «Руханият» орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін жаңа өлкетану музейінің жұмысы да жауапты тұлғалар назарында. Облыстағы білім беру ұйымдары жұмысын жандандыру мақсатындағы «Адал адам» рухани-мәдени орталықтарын ашу қолға алынуда. «Адал адам» концепциясына негізделген орталықтар барлық елді мекендегі клуб пен мәдениет үйлері жанынан құрылады. Онда балалар мен жасөспірімдер қосымша білім алатын болады.
Ғылым мен өркениеті, білім мен мәдениеті, жалпы айтқанда рухани байлығы мол елдің бүгіні де, ертеңі де жарқын болмақ. Осы ретте облыс әкімінің бастамасы аясында аймағымызда жыл бойы рухани, мәдени даму қарқыны арта түседі деген сенімдеміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ