Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұмыт болған дәстүрді жаңғыртқан «Дәстүр TREND»

Ұмыт болған дәстүрді жаңғыртқан «Дәстүр TREND»

Заман көші ілгерілеген сайын ұлттық құндылығымыз әрі дәстүрдің жалғасы саналатын ұлттық тағамдарымыз мен қолөнер дәстүрінің кейбір түрлері бірте-бірте ұмытылып бара жатқандай. Осы ұмытылып бара жатқан құндылықтарды қайта жаңғырту мақсатында «Дәстүр TREND» атты аспаздар мен қолөнершілер сайысы өтті. Тартысты сайыс кент мәдениет үйінде аудандық жас­тар ресурстық орталығы және кент мәдениет үйінің қолдауымен және ұйымдастыруымен өтті.

Аудандағы жас келіншектер арасында өткен сайыс «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, ұлт­тық тағамдарын, ұлттық қолөнерін кеңі­нен насихаттау және өскелең ұрпақ пен жастарға танымдық тәрбие беру мақ­сатын­да ұйымдастырылды. Сонымен қоса байқауды ұйымдастырудың тағы бір мақ­саты – қоғамдық өмірдің барлық саласын­да қазақ өнерін, ұлттық қолөнері мен тағамдарын кеңінен насихаттап қана қоймай, оларды жаңғырту және қолданыс мәдениетін арттыру арқылы жастардың қазақ мәдениетіне, дәстүріне, ұлттық құндылығына деген құштарлығын арттыру болды.

Ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған сайыс 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – қатысушы талапкерлер өзін-өзі таныстыру болса, ал екінші кезең – өздерінің дайындап келген қолөнер бұйымдары мен тағам түрлерін ұсыну. Тәрбиелік мәні мен тағылымы мол сайысқа кент және ауылдық округтерден 20-35 жас аралығындағы аспаздар мен қолөнер шеберлері қатысты. Қатысушылардың сайысқа тыңғылықты дайындалғанын жасап әкелген тағамдары мен қолөнер бұйымдарынан-ақ байқауға болады. Барлық қатысушы сайысқа ұлттық киіммен қатысты.

Сайыстың алғашқы кезеңі бойынша қатысушылар өздерін кезекпен таныстырып өтті. Ал келесі кезең бойынша сайысқа қатысушылар өздерінің дайындап әкелген тағамдары мен қолөнер бұйымдарын көрсетіп, көпшілікке таныстырды. Қолынан бал тамған аспаздар ұлттық тағам­дардың түр-түрін дайын­даған. Тағы бір айта кететіні, аспаздар тағамдарды дәмді етіп дайындағаннан бөлек, тәбетті ашатындай етіп безендіріп әрлеген. Таныс­тыру барысында ұмытылып бара жатқан тағамдардың шығу тарихы, ерекшелігі және дайындау әдісі туралы нақтылап, тоқталып өтті. Ал көркем қолөнершілердің дайындаған жұмыстарына келетін болсақ, көздің жауын алатындай ерекше, бірінен бірі асып түсетіндей әдемі десек артық айтқанымыз емес. Қолөнер шеберлері байырғы қолөнер түрлерін дайындап, сонымен қатар заманауи үлгідегі туындыларды да әкелген. Халқымыздың мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылығының бірі қолөнер десек, ал сол қолөнердің сарқылмас қайнар көзі – құрақ құрау. Құрақ құраған қолөнершілеріміз ұмытылып бара жатқан құрақтың байырғы түрлерін жаңғыртып, кештің көркін аша түскендей. Шеберлер қазақы нақыштағы көрпешелер, құрақтан жасалған балалар добы мен сөмке, жастықшалар және ыстық тамақтың астына қоятын төсеніш секілді дүниелерді дайындаған. Сонымен қоса түрлі ерекше қолөнер туындыларын да жасаған. Атап айтқанда, заманауи үлгідегі тойтабақ, асық тәріздес қобдиша, қыздарға арналған әшекейлер, қазақы шапан, тіпті ас бөлмеде қолданатын ыдысқа дейін бар.

Сайыста әділ бағасын беріп, бағалау үшін ұлағатты ұстаз, қолөнер шебері Алтын Нұртаева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт және «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков төрелік етті. Әділқазы алқасының шеші­мі бойынша байқау жеңімпаздары анық­талды. Аспаздар бойынша жүлделі І орын­ның иегері Нағи Ілиясов ауылының намы­сын қорғаған Маржан Дүкенбаева атанды. ІІ орынды кент аспазы Гүлжайна Байділдаева ұтып алса, ІІІ орынға Қалжан ахундық Айнұр Майханова лайық деп танылды. Ал қолөнершілер бойынша 1 орынды аманкелділік Айдын Қалдыбай иеленді. Жүлделі 2 орынды Шіркейлі ауылының қолөнер шебері Ақжарқын Шахманова ұтып алды. Қоғалыкөлдік Гүлзат Құдайбергенова мен нағилық Аянат Қуанышқызы жүлделі 3 орын­ды иеленді. Сайыс қорытындысы бойын­ша барлық қатысушыларға арнайы алғыс хат, ал жүлделі орын алған жеңім­паздарға 10 мың және 30 мың теңге аралы­ғында қаржылай сыйақы мен арнайы есте­лік сыйлық табыс етілді.

Тартысты сайыс соңында төрешілер сайыс туралы өздерінің ой-пікірімен бөлісіп, қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта шығармашылық табыс тіледі.

Алтынай Қайратқызы
06 сәуір 2024 ж. 152 0