Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлер кредиттік тарихы туралы есепті енді онлайн ала алады

Кәсіпкерлер кредиттік тарихы туралы есепті енді онлайн ала алады

eGov Business мобильді қосымшасында кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Енді бизнес өкілдері кредиттік және сақтандыру тарихы туралы есептерді онлайн әрі тегін ала алады. Қызмет арқылы компаниялар өздерінің кредиттік міндеттемелерін де бақылай алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» деп аталатын сервис заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, сондай-ақ тиісті электрондық цифрлық қолтаңбасы бар «Қазынашылық» ақпараттық жүйесінің тіркелген қызметкерлеріне қолжетімді.

«Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ кәсіпкерлерге есептің үш түрін ұсынады. Біріншісі – қолданыстағы кредиттік міндеттемелер мен мерзімі өткен берешек туралы қысқаша есеп. Екіншісі – компанияның соңғы бес жылдағы кредиттік тарихын, оның ішінде алынған және өтелген қарыздары, келісімшарттары мен төлем тәртібі туралы толық ақпаратты қамтитын есеп. Үшіншісі – заңды тұлғаның қолданыстағы және бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы мәліметтер.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Шыңғыс Оразалимовтың айтуынша, жаңа сервис кәсіпкерлерге компанияның қаржылық жағдайын бақылап, маңызды шешімдерді нақты ақпарат негізінде қабылдауға көмектеседі.

«eGov Business қосымшасында жаңа сервистің іске қосылуы бизнес өкілдеріне қолданыстағы кредиттік міндеттемелері мен сақтандыру тарихы туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Бұл заңды тұлғаның қаржылық жағдайын бақылауды жеңілдетіп, кәсіпкерлерге негізделген бизнес шешімдерін қабылдауға көмектеседі. Біз азаматтарға арналған цифрлық сервистермен қатар, бизнеске қажетті құралдарды да дамытып, мемлекеттік және өзге де сұранысқа ие қызметтерді онлайн алуды барынша қолайлы етіп келеміз. Биыл жаңартылған eGov Business қосымшасында 124 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді, ал ай сайын оны шамамен 46 мың кәсіпкер тұрақты пайдаланады», деді Шыңғыс Оразалимов.

Жаңа сервисті Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ бірлесіп әзірлеген.

Айта кетейік, бұл сервис 2024 жылы жеке тұлғаларға арналған eGov Mobile қосымшасында іске қосылған. «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ дерегінше, қызмет енгізілгенге дейін ай сайын орта есеппен 96 мыңға жуық сұрау тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,8 миллионнан асты. Яғни сұраулар саны шамамен 40 есе өскен.



Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
02 қараша 2026 ж. 100 0