Ұлттық киім тіктіріп берді
Қалжан ахун елді мекеніне қарасты «Гүлдер» бөбекжай балабақшасында жаңару мен жаңғырудың негізгі бастауы бола білген Әз-Наурыз мерекесінде балғындардың қатысуымен ертеңгілік өтті. Аталған іс-шара барысында кішкентай бүлдіршіндер ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттап, ерекше өнер көрсете білді.
Наурызнаманың 10 күндігі аясында жүзеге асқан мерекелік іс-шараның мән-мазмұнын балабақша қызметкерлері тереңнен аша түскен. Өз кезегінде ұлттық мерекені атап өткен балғындарға «Нұрбек» шаруа қожалығының басшысы Алданберген Құлбаев демеушілік көрсетіп, арнайы ұлттық киім тіктіріп берді.
– Қалжан ахун ауылынан талай талантты, дарынды жастар түлеп ұшқанын жақсы білеміз. Бұл ретте, балабақша тәрбиеленушілері ертеңгі еліміздің мақтаулы азаматтары болары рас. Сондықтан біз үнемі кішкентай бүлдіршіндерге ерекше қолдау көрсете береміз. Негізінен бала үшін құйылған инвестицияның келешек үшін қайтарымы мол деп білемін, – деді қожалық төрағасы.
Ертеңгілікте кішкентай бүлдіршін Жұбаныш Сейітқасымның тұсауын көпбалалы ана, ардақты жан Күнсая Төлегенова кескен болатын. Сонымен қатар бүлдіршіндер қыз қуу, арқан тартыс секілді ұлттық ойындарды көпшілікке дәріптеді. «Гүлдер» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Жаңыл Байназарова жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, өзінің зор қолдауын көрсеткен «Нұрбек» шаруа қожалығының басшысы Алданберген Құлбаевқа шынайы алғысын жеткізді.
– Тарихы тереңде жатқан ұлтымыздың дәстүрлерін жаңғырту – өскелең ұрпаққа айрықша міндет саналады. Қазіргі уақытта ел азаматтары ұлттық киімді киіп шығып, дәстүр сабақтастығына аса мән беруде. Бұл ретте, «Нұрбек» шаруа қожалығының басшысы Алданберген Құлбаев 300000 теңге бөліп, 30 бүлдіршінге арнайы ұлттық киім тіктіріп берді. Ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан ардақты азаматқа шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді балабақша меңгерушісі.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ