Балалар балабақшамен қоштасты
Қалжан ахун ауылындағы бүлдіршін балаларға мектепке дейінгі білім беруде өзіндік орны бар «Гүлдер» бөбекжай балабақшасының «Балдырған» ересектер тобында «Қош бол, балабақшам!» атты іс-шара ұйымдастырылды. Ауылдық мәдениет үйінде өткізілген салтанатты іс-шараға ауыл ардагерлері, балабақша ұжымы, тәрбиеленушілердің ата-аналары қатысты.
Іс-шарада балалар өлең-тақпақтарын жатқа айтты. Бұл ата-аналар мен кеш қонақтарын сүйсінтті. Сонымен қатар талапты жеткіншектер топ-топқа бөлініп патриоттық және мерекелік әндер айтты. Мұнан бөлек сәнді көйлек үлгісімен мың бұрала би биледі. Балабақшамен қоштасу рәсімінде балалардың білімі мен белсенділігін арттыру мақсатында тапқырлық ойындары да ұйымдастырылды.
– Бала – біздің болашағымыз. Әр бала бақытты болуы үшін жаралған. Біздің «Гүлдер» бөбекжай балабақшасында үш топ бар. Онда 70 бала тәрбиеленуде. Жұмыс барысында жаңа заман талаптарына сай білім берудің жаңа үлгілерін қолданамыз. «Балдырған» ересектер тобында білім мен тәрбие алған балалардың болашақта озат оқушы боларына сенеміз. Ата-аналарының үмітін ақтаса деп тілейміз, – дейді балабақша меңгерушісі Ж.Байназарова.
Балаларының сахнаға еркін шығып, шығармашылық көрсетіліміне риза болған ата-аналар атынан Күнсая әже ұжым қызметкерлеріне, топ тәрбиешілері К.Сәрсенбаева мен А.Бейсенге, музыка жетекшісі А.Әлімбетоваға алғысын айтты.
Өз кезегінде Сейітқасым ата балабақша ұжымы мен бүлдіршіндерге бата берді. Айта кету керек, бүлдіршіндерді мектепке шығарып салу іс-шарасында даярлық топтың толықтай оқу құралдарына «Нұрбек» ШҚ-ның төрағасы Алданберген Құлбаев демеушілік, қолдау көрсетті. Осылайша, Қалжан ахунның атын иемденген ауылдың тағы бір жас толқыны үлкен-кішінің сәттілігімен, ақ тілегімен үлкен өмірге қадам басты.
Ердос БЕРКІНБАЕВ