Бүлдіршіндер бірлік күнін атап өтті
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасында мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шара «Қарлығаш» кезекші тобымен ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге ынтымақ, бірлік күнінің маңыздылығы дәріптелді.
Мерекелік салтанатта балабақша меңгерушісі Ақанай Шоханова балғындарға құттықтауын жеткізді. Балабақша меңгерушісі Қазақстан – көпұлтты мемлекет екеніне тоқталып, ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекет дамып келе жатқандығын айтты. «Елімізде татулықтың темірқазығы саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Осының негізінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениетін дамытуға қамқорлық көрсетілуде. Бүгінде елімізде көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, елдегі тұрақтылықтың сақталуына ұйытқы болуда. Біздің ауданымызда да ынтымағы жарасқан өзге ұлт өкілдері ауызбірлікте тіршілік етуде», – деді А.Шоханова.
Іс-шара барысында әр ұлттың ұлттық киімдерін киген бүлдіршіндер тақпақ айтты, өлеңдер оқыды. Қазақ, өзбек, грузин, орыстың ұлттық билерін биледі. Балабақша педагогтері Аружан Ыбайділдаева, Шолпан Қуанышова, Нұргүл Маханбетжанова, Айжан Қонақбаевалар да түрік биін билеп, бірлік мерекесін балғындармен қатар атап өтті. Балабақша тәрбиешісі Асел Төлегенова мерекелік іс-шара арқылы бүлдіршіндерге бейбітшіліктің мән-маңызы жан-жақты насихатталғанын айтады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ