Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тату-тәтті көршілер

Тату-тәтті көршілер

Он жылға жуық уақыт бұрын ауданымызға шығармашылық сапармен келіп, аудан басшысымен кездескен халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Бәріміз қазақпыз, барлық өлкеде қазақтар бар, бірақ Қазақ көшесі деген көшенің барын Сырдарияға келіп біліп, ерекше қуанып тұрмын» деген еді. Ұлтын сүйген ұлы тұлғаның бұл пікірі қазақ халқына деген сүйіспеншілігінен туындағаны анық. Тереңөзек кентіндегі Қазақ көшесі мен Ә.Тоқмағамбетов көшесі – үш жүздің баласы қоныс тепкен, өзге этнос өкілдері де тату-тәтті тірлік кешіп жатқан айрықша көше.

Қос көшенің тұрғындары әз-Наурыз мере­­кесіне орай игі іс-шара ұйымдастырды. Көше тұрғыны Алексей Абдраймов пен Айна Асылбекқызының шаңырағында бас қосқан үлкен-кіші қасиетті Рамазан айының құрметіне ауызашар берді. Сондай-ақ түркі халықтарына ортақ мерекені лайықты атап өтті. Бірлігі жарасқан көше тұрғындары аудандық газет редакциясының тілшілерін де қонаққа шақырып, сәні мен салтанаты ұштасқан тамаша басқосудың куәсі болдық.

Игі іс-шара Қадыр атаның көп­шілікке ақ бата беруімен басталды. Мұнан соң дастарқанды көшенің үлкені Сәндібек Сүлейменов пен Айткүл Берікбаева бата-тілекпен ашып берді. Әрі қарай сценарий бойынша Жұлдызай Төленова мен Жанна Нұртазаева наурыз мерекесінің тарихы туралы ақпаратпен бөлісіп, бірлік пен ынтымақты ту еткен ұлық мейрамның маңыздылығы жөнінде айтты. Сонымен қатар үлкен-кіші кезек­тілікпен ақ тілегін ақтарып, бір-біріне жылы лебіз білдірді. Бұл күні көшенің балалары өз өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашып, мың бұрала биледі. Атап айтқанда, Жаннұр Камаладин, Тәңірберген Ерсұлтанұлы, Дәулет Астраханов қазақтың қара домбырасымен күй күмбірлетсе, Разия Ақылбек қобыз тартты. Өз кезегінде Раяна Дастанқызы, Айша Сергазинова, Раяна Орынбасар би биледі. Мұнан бөлек қызықты сұрақтар қойылып, дұрыс әрі тез жауап берген тұрғындар естелік сыйлықпен марапатталды. Асық, ләңгі тебуден де жарыстар ұйымдастырылды.

– Көшеміздің бірлігі бекем, тірлігі көркем болғанына қуанамын. Бір-бірімізбен ағайын-туыстай араласамыз. Жастар жағы үлкенді сыйлап, құрметтесе, ардагерлер ақ батасын арнап, үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Бүгінгі басқосу жиынын ұйымдастырған балаларымызға, келіндерімізге, іні-қарындастарымызға айтар алғысымыз шексіз. Жаратқан Алла осы бірлігімізден айырмасын. Наурыз мерекесі әр шаңыраққа ырыс-несібесін әкелсін, – деді көше үлкендері.

Осындай ақжарма тілекті көше тұрғын­дары Өміртай Жапарбергенов, Бисембай Құлмаха­нов, Бейбіт Абдраев,  Алтын Боранбае­ва, Ләззат Ембергенова, Ләззат Жұмабаева, Айсара Накиповалар жалғап, игі ниеттен туған жылы лебізді қуаттай түсті. Ал Жадыра Әкімтаева ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жырларын жатқа оқыды. Басқосу соңында өмірден өтіп кеткен көше тұрғындарының рухына арналып Құран-Кәрім оқылды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
30 наурыз 2024 ж. 195 0