Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Достық көшесінің дархан дастарханы

Достық көшесінің дархан дастарханы

Ырысы мен құты, берекесі мен несібесі қа­тар келетін Наурыз мерекесін Достық кө­шесінің тұрғындары сән-салтанатымен атап өтті. Жаңа үй салып, қоныс тойын той­лаған көше тұрғыны Нұржан мен Инди­ра­ның шаңырағында бас қосқан көше­нің үлкен-кішісі бір-бірін мерекемен құттықтады.

Мерекелік дастарханды көшенің үл­кендері Есенбай Асанов, Ибрагим Сейі­лов, Әлиасқар Бақторазов, Дастан Сүлейменов бастаған ер-азаматтар бата-тілекпен ашып берді. Мұнан соң жақсы өсиеттер мен қазақы нақыштағы әндер айтылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Көшенің ақ жаулықты аналары Жұмакүл Сәдуақасова, Жанат Сүлейменова, Сағира Тұрсынбаева, Күлжәмилә Құлмаховалар тілек айтып, әр шаңыраққа шаттық орнауына, көше тұрғындарының бірлігі бекем, тірлігі көр­кем болуына тілектестігін білдірді. Бұл күні балалар арқан тартып, асық ойнаса, әйел-аналардың ұйытқы бол­уымен бе­сікке салар, тұсаукесер рәсімдері де ұйым­дастырылды. Тәй-тәй басқан Бега­йым Нұрсұлтанқызының тұсауын болашағы жар­қын болсын деген ниетпен Сәрсенкүл Бұхарбаева кессе, Жұлдыз Есжанова Асылым Ибрагимованы бесікке салды. Сондай-ақ «Үздік қазақы киім» аталымымен ерлі-зайыпты Нұ­ржан Әубәкіров пен Айгүл Сады­қова марапатталды.

– «Достық» атауын иеленген көшеміздің атына заты сай. Бәріміз тату тұрамыз. Бір-біріміздің той-қуанышымызда бірге болып, жақсы қарым-қатынастамыз. Жыл сайын жыл басы – Наурыз мерекесін бірлесе атап өтеміз. Жеті түрлі дәмнен тұратын көже әзірлеп, таратамыз. Биыл да сол үрдіс бо­йынша мерекелік дастархан әзірледік. Дастарханымыздан жақын орналасқан кө­шелердің де тұрғындары дәм татты. Нау­рыз айында айтылған тілектер қабыл болсын. Көшемізде тек той, қуаныш болсын, – дейді көше тұрғыны Гүлжан Жекенова.

Айта кетейік, Достық көшесінде бү­гінде 30-ға жуық үй бар. Көшеде еңбек ар­дагерлері мен көпбалалы аналар көп және жаңадан үй салып жатқандардың қарасы қа­лың. Бірлігі мен тірлігі үйлескен тұрғындардың көшені асфальттап, табиғи газ жүргізіп, көше жары­ғын орнатып берген жергілікті атқару­шы билікке алғысы шексіз.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
25 наурыз 2023 ж. 270 0