Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дайындық жұмыстары пысықталды

Дайындық жұмыстары пысықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу туралы Үндеу жарияланғаны белгілі. Саяси науқанның мерзімі белгіленіп, әр өңірде дайындық барысы пысықталуда. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Қазақстан Рес­публикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын өткізудегі сайлау процесінің құқықтық негіздері мен сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында каскадтық әдіспен электораттық оқыту семинары өтті.

Семинарғаоблыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғ.Баймырзаев, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қ.Наурызбаев, аудан прокуроры Е.Алмазұлы, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Өтегенова, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары және хатшылары қатысты.

Оқыту семинарды облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Ғ.Баймырзаев ашып, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктері» жөнінде мағлұмат берді. Сонымен бірге, аудан прокуроры Е.Алмазұлы «Сайлау туралы заңнаманы бұзғаны үшін жүктелетін жауапкершілік» тақырыбында құқықтық түсіндірме жүргізді. Сайлау барысында басты ұстанатын қатаң қағида мен заң талабына тоқталды. Ал, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қ.Наурызбаев «Сайлау институты демократиялық мемлекеттің жұмыс істеу негізі ретінде Қазақстан Республикасының сайлау құқығы: қазіргі жағдайы және даму үрдістері» жайлы озық тәжірибеге негізделген тың мәліметпен бөлісті.

Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Өтегенова бұл сайлаудың саяси тұрғыдан жаңашылдыққа негізделгенін тілге тиек етіп, аудан бойынша саяси науқанның ұйымдастыру барысына тоқталды.

Семинар барысында Мемлекеттік басқару академиясы өңірлік орталы­ғы­ның және «Өңірлік оқу орталығы» ЖШС қызметкерлері «Қазақстан Рес­публикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау күні» тақырыбы аясында саяси науқанды ұйымдастырушы  сала мамандарынан   арнайы тест алынды. Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификат табысталды.
    
                               
Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 қараша 2020 ж. 491 0