Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашықтыққа негізделген сайлау институты

Ашықтыққа негізделген сайлау институты

Қазақстанның сайлау органдары ширек ғасыр бойы азаматтардың сайлау және сайлану конституциялық құқығын жүзеге асырып отыр. Мемлекеттің дамуы бойынша негізгі құжаттар мен сайлау жүйесінің ережелері 1993 жылы қабылданғаны белгілі.
Сол жылдың 28 қаңтар күні егеменді елдің алғашқы Конституциясы қабылданса, 8 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы тұрақты сайлау өткізетін орган ретінде бекітілген. 1995 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы» Жарлығы қабылданды. 25 наурызда Елбасы Жарлығымен ҚР Орталық сайлау комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. Орталық сайлау комиссиясы 1996 жылғы 11 қарашада бекітілген жаңа Ереже бойынша жұмыс істей бастады.
Отандық сайлау тәжірибесі көрсеткендей, сайлауды әділ, әрі тиімді өткізетін институт ретінде көрсетіп келеді. Бүгінде сайлау үдерісінде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін, кәсіби құзіреті мен қоғамның оларға деген сенімін арттыруға ықпал ететін жаңа технологияларды енгізуге айрықша мән берілуде деп айтуға толық негіз бар.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміз мемлекеттік және саяси құрылымын жетілдіре отырып, жүйелі реформалар жолымен келе жатыр. Қазақстан сайлау құқығы мен сайлауды ұйымдастыру ісіндегі халықаралық жоғары стандарттарды берік ұстана отырып, осы саладағы жаһандық ынтымақтастықтың белсенді жақтаушысы болып саналады» деп атап өткен болатын.
Сайлаудағы басты талап – ашықтық. Заңнамалық, құқықтық база бойынша Қазақстан көп елдерге үлгі бола алады. Қазір азаматтардың өздері сайлаудың оларға тәуелді екенін түсінген. Сайлаушылардың да қатары жыл санап артып отыр.
– ҚР Сайлау туралы Конституциялық Заңының талаптарына сәйкес аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы шешіміне сәйкес 1 аудандық және 18 учаскелік сайлау комиссиясы құрылды. Аудан бойынша учаскелерінің әкімшілік-аумақтық шекаралары белгіленді. Аудандық және учаскелік  сайлау комиссиясында 127 мүшесі бар. Оның 7-і аудандық, 120-ы учаскелік сайлау комиссия­­сы. Комиссияның құрамы партиялардың ұсыныстарына сәйкес құрылған. Комиссия мүшесінің саны сайлаушылардың санына қарай бекітілген. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының барлығы ғимаратпен, байланыс нүктесімен, интернетпен, қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген, – дейді аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Ермек Шайлан.
Жалпы елімізде барлық сайлауға дайындық жоғары деңгейде жүргізіледі. Шет елдің тәжірибесімен алмасу үшін түрлі конференциялар да ұйымдастырылады. Нәтижесінде елімізде өтетін сайлауға шет елден келетін байқаушылар саны артқан. Әсіресе бірнеше жылдар бойы ынтымақтастықта келе жатқан елдің қатарында Әзербайжан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы да бар. Бұл ел Қазақстанда болып жатқан барлық шараларға қатысса, керісінше біздің еліміз де Әзербайжандағы шараларға қызығушылықпен қарайды.

Бибісара ЖАНӘЛІ

17 наурыз 2020 ж. 984 0