Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы сырдариялықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Аудан басшысы сырдариялықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев сырдариялықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. 

Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – өткенді саралап, жаңа бағытқа бетбұрыс жасайтын мереке. Өткен жыл Сыр елі үшін табысқа толы болды. 2023 жылы облыстың 85 жылдық мерейтойы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Ең алдымен, Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келіп, аудандағы Н.Ілиясов ауылында еңбек адамдарымен кездесті. Аймақ басшысы Ел Президентіне өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, шешуді қажет ететін мәселелерді жеткізді. Облыс әкімі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыруды, облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтуды айтты. Жұмыс сапарында Мемлекет басшысы өзекті мәселелер бойынша тарихи шешімдер қабылдап, Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады.

2023 жылы аймақтың дамуы қарқынды. Облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгені құрады.

Аймақта ірі жобалар жүзеге асуда. Аймақ басшысының қолдауымен облыста отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары қызметін бастады.

Бүгінде «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүргізілуде. Жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, «Қазгермұнай» БК» ЖШС демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы», «Саутс-Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж құрылысы қарқынды жүргізілуде.

1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы жуырда аяқталып, пайдалануға беріледі. Қызылорда қаласында 36,4 млрд. теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Құны 2,9 млрд. теңгені құрайтын «Қан орталығы» жуырда ел игілігіне беріледі.

Қадірлі сырдариялықтар!
95 жылдық белесті бағындырған Сырдария ауданы 2023 жылды жарқын жетістіктермен қорытындылап отыр.

Жыл басында ауданның бюджеті 9,7 млрд. теңге болып нақтыланса, бүгінде 12 млрд. теңгеден асты.

2023 жылдың қаңтар-қараша айында ауданның өнеркәсіп орындары 69 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл 2022 жылдың осы деңгейіне қарағанда 39,7 пайызға ұлғайды.

Өткен жылдың 11 айында аудан экономикасына 58 млрд. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40,6 пайызға артты.

Бүгінде ауданда 22 646 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, көрсеткіш 3,8 пайызға өсіп отыр. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6 млрд. теңгені құрап, 46,7 пайызға ұлғайды.

2023 жылы ауданда 36043 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, 23811 гектарға егілген күріш дақылынан 142 390 тонна астық жиналды. Аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл жер көлемі 359 гектарға дейін артып, әлеуметтік маңызы бар көкөніс, бақша өнімдері егілді. Бұл бағытта жастар белсенділік танытып, 6 ауылда жастар бригадалары 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырып, нәтижесін көрді.

Аймақ басшысы өңірде ең алдымен халыққа қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Осы ретте, өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлар толық жаңартылды. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар Шаған ауылында атқарылуда.

Тереңөзек кенті, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шаған ауылында ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 5 елді мекенде су мұнаралары жаңарды.

Ауданды газдандыру жұмыстарына аймақ басшысы қолдау көрсетіп, Қалжан ахун ауылы табиғи газға қосылды. 2023 жылы С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жұмыстары басталды.

2023 жылы бюджет көздерінен 3,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, облыстық, аудандық маңызы бар және ауылішілік 79 шақырым жол жөнделді.

Тұрғындарды баспанамен қамту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында халықтың осал топтарына аудан бойынша 82 тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Н.Ілиясов ауылында жаңадан дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті.

Халықтың тұрақты спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөлініп, облыстық бюджет есебінен аудан орталығындағы спорт клубы күрделі жөндеуден өтсе, Бесарық ауылында жаңа спорт кешені салынуда.

Бюджет қаражатынан тыс 250 млн. теңге тартылып, демеушілік есебінен «Сыр сұлуы» монументі, көпқабатты тұрғын үйлердің сырты жаңартылды, ойын алаңдары салынды, мектептер жолдары мен қоршаулары жөнделді, тұрмысы төмен отбасыларға газ орнату және басқа да жұмыстар атқарылды.

Ағымдағы жылы Президент бастамасымен іске асып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 1 мектеп салу жоспарлануда.

Сонымен қатар, аймақ басшысының қолдауымен салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив және жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталығы Сырдария ауданында бой көтереді.

Аудандағы барлық игілікті істер халықтың бірлігімен, ынтымағымен атқарылуда. Бұл жұмыстар жалғасын таба береді.

Қадірлі ағайын!
Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген жақсы сөз бар. Біз Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, жақсы ниетпен қарсы аламыз. 2024 жыл жағымды жаңалықтарға, қуанышты сәттерге толы болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Жаңа жыл құтты болсын!

Құрметпен, Берік СӘРМЕНБАЕВ, 
Сырдария ауданының әкімі 

01 қаңтар 2024 ж. 188 0