Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекше көңіл-күй сыйлаған Жаңа жыл

Ерекше көңіл-күй сыйлаған Жаңа жыл

Кеше Орталық алаңда мерекелік концерт өтіп, аудан әкімі Берік Сәрменбаев тұрғындарды Жаңа жылмен құттықтады.

– Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен облыс әкімінің және Өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!

2023 жыл аймағымыз үшін табысқа толы болды. Биыл облыстың 85 жылдық және ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ең алдымен, Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келіп, аудандағы Н.Ілиясов ауылында еңбек адамдарымен кездесті. Жұмыс сапарында Мемлекет басшысы өзекті мәселелер бойынша тарихи шешімдер қабылдап, Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады.

Биыл аймақтың дамуы қарқынды. Облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгені құрады. Облыста отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары қызметін бастады. Сонымен қатар, «Қорқыт ата» әуежайының жолаушылар терминалы, жаңа жылу-электр орталығы, «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты, 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы», музыкалық колледж, 1000 орындық «Өнер» орталығы, 300 орындық көпбейінді аурухана және «Қан орталығының» құрылыстары қарқынды жүргізілуде.

Жыл көлемінде ауданымыз да жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасты. Алдағы жылы Президент бастамасымен іске асып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 1 мектеп салу жоспарлануда. Сонымен қатар, келер жылы аймақ басшысының қолдауымен ұлттық құндылықтар дәріптелетін «Руханият» орталығы Сырдария ауданында бой көтереді.

Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген жақсы сөз бар. Біз Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, жақсы ниетпен қарсы аламыз. Келер жыл жағымды жаңалықтарға, қуанышты сәттерге толы болсын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жаңа жылдық іс-шарада аудан көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік концерт отшашуға ұласты.

@Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

01 қаңтар 2024 ж. 130 0