Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы қызылордалықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Аймақ басшысы қызылордалықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңа 2024 - Ұлу жылын қарсы алуға арналған мерекелік іс-шараға қатысты.

Тұрғындарды ғажайыпқа толы мерекемен құттықтап, игі тілегін арнады.

«Санаулы сәттен соң күнтізбесінің соңғы парағы жабылатын 2023 жыл өңіріміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жұмыс сапарымен келіп, аймақтың даму қарқынына оң бағасын берді. Тамыз айынан бері өңірлер арасында үздіктер қатарындамыз, алғашқы үштіктеміз. Аймақ бюджеті 609 млрд теңгеге жетті. Облыстың даму бюджеті 2,5 есе артты. Бұл ауқымды қаражат өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда. Алдымызда айқын міндеттеріміз бен анық жоспарларымыз бар. Халықтың игілігі, сырбойылықтардың жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін ауқымды жобаларды өздеріңізбен бірге жүзеге асырамыз. Жаңа жыл еліміз бен аймағымыз үшін қадамы қарышты, толайым табысты болғай!», - деді облыс әкімі.

Мерекелік кеште қызылордалықтар мен қала қонақтарына Аяз ата, Ақшақардың және жыл нышаны – Ұлудың құттықтауы, жергілікті өнер жұлдыздарының концерті, жыл жетістіктерін таныстыратын бейнеролик ұсынылды.

Салтанатты іс-шара мерекелік отшашумен қорытындыланды.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

01 қаңтар 2024 ж. 273 0