Жарқыра, Жаңа жыл шыршасы!
Кент тұрғындары орталық алаңдағы бас шыршаның жағылу салтанатына куә болды. Аудан өнерпаздары ән айтып, би билеп, ертегі кейіпкерлерінің рөліне еніп, жиналған көпшілікке жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады.
Орталық алаңға жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Аудан тұрғындарын мерекелік іс-шарада аудан әкімі келе жатқан ұлу жылымен құттықтады.
– Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген жақсы сөз бар. Біз де Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, берекелі іс пен баянды бақыт күтеміз. Биылғы жыл Сыр елі, оның ішінде Сырдария ауданы үшін табысты болды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, Н.Ілиясов ауылында еңбек адамдарымен кездесті. Президент жұмыс сапарында ауылдың, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Бұл – бәріміз үшін ортақ жетістік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен аудандағы барлық салада айтулы нәтиже бар. Біздің жеткен жетістіктеріміз – аудан халқының бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деген Берік Әбдіғаппарұлы ауданның биылғы жетістіктеріне тоқталып, оның ішінде аудан бюджеті 12 млрд теңгеден асқанын айтып өтті.
Көңілді кеш аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, аудан тұрғындары мен қонақтары көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
«Тт» ақпарат