Аудан әкімінің Сырдария ауданының 95 жылдығымен құттықтауы
Сіздерді Сырдария ауданының айтулы 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Қойнауы қазынаға толы, жері киелі, тарихы шежірелі Сырдария ауданы – Сыр өңіріндегі іргелі, алдыңғы қатарлы аудандардың бірі екені белгілі. Тамыры терең, тарихы кенен ауданымыз биыл өзінің 95 жылдық айтулы мерейтойын атап өтуде. Аталған мерейтойдың кең көлемде тойлануы – 2 Кеңес Одағының Батыры мен 8 Социалистік Еңбек Ері шыққан ауданымыз үшін зор қуаныш. Бұл Тәуелсіздігіміздің жемісі, мемлекеттік саясаттың нәтижесі.
Ақындар «Таланттардың өлкесі» деп жырға қосқан Сырдария ауданы сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішев, театр саңлағы Сәбира Майқанова, ақын-жазушылар Танаш Дәуренбеков, Сейфолла Оспан, Нұрхан Жанаев, Қанафия Дәрібаев, Мұхтар Сақтапов, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева т.б. талантты тұлғалар мен белгілі азаматтарды өмірге әкелген киелі мекен.
Ынтымақ пен бірліктің түпқазығы болып саналатын Сырдария ауданында тұрғындар игілігі үшін соңғы жылдары жасампаз жұмыстар атқарылуда. Халықтың бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқан жүйелі жұмыстарды өзге өңірлер өз тәжірибесіне енгізуде. Ауданда соңғы жылдары барлық салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Құрылыс, инвестиция көлемі артып, ауданның бюджеті бірнеше есеге артты. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді. Күріштен рекордтық көрсеткіште өнім жиналып, 95 жылдық тарихында Сырдария ауданы бірнеше рет облыста «Үздік аудан», «Озат аудан» атанды.
Жақында ғана аймағымызда арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауданымызда болып, Н.Ілиясов ауылында еңбек адамдарымен кездескені, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бергені – бәріміз үшін зор қуаныш және үлкен жауапкершілік болды. Алдағы уақытта 95 жылдық тарихы бар аудан Президент реформаларын аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асыруға үлес қоса бермек.
Ауданның айтулы мерекесі құтты болсын! Сырдария ауданы қарыштап, дами берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын!
Құрметпен,
Берік СӘРМЕНБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі
Берік СӘРМЕНБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі