Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАС ШЫРША ЖАНДЫ

БАС ШЫРША ЖАНДЫ


2018 жыл аудан үшін табысты да жаңалығы мол болды. Жастарды болашаққа бастайтын жас қала, жаңа қала, жаңа шаһар Астана жиырмаға толды. Алты Алаштың анасы, Сыр өңірінің бас қаласы Қызылорданың 200 жылдығы, ұлы дариядан нәр алған киелі мекен – Сырдарияның 90 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Ескі жылды жарқын көңілмен артқа салып, Жаңа жылды қарсы алғалы отырған аудан жұртшылығы кеше орталық алаңға жаңа жылдық бас шыршаның салтанатты жағу рәсіміне жиналды.
Ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесін атап өткен қазақстандықтар тағы бір жылды шығарып салғалы тұр. Өтіп бара жатқан ит жылы ауданның тарихында жақсы жаңалықтарымен есте қалады. Барлық саланы табысты қорытындылаған аудан экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты арта түсті. Әсіресе, тұрғын үй құрылысын салу мәселесі оң шешімін тауып, бірқатар тұрғындар қоныс тойын тойлады. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дегендей, алдағы жаңа 2019 жыл аудан халқы үшін табысты да, жемісті болғалы тұр. Бұлай деуімізге ең бірінші себеп газдандыру мәселесінің шешімін тапқанын атап өткен жөн. Келер жылы тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізетін болады деген сенімдеміз.
Ауданның бас шыршасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері Я.Тасыров, еңбек ардагері Р.Бәйменов жақты. Батагөй ақсақал Я.Тасыров халыққа ақ батасын берді.
Мерекелік кеште «Сырдария» квартеті «Жаңа жыл» әнін шырқап, мерекелік шара аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
22 желтоқсан 2018 ж. 1 256 0