Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Келелі кездесу өтті

Келелі кездесу өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Департаменті ардагерлерін қабылдады. Қабылдауда аудан басшысы сала ардагерлеріне іргелі ауданда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сала ардагерлері Сыр өңірінің даму қарқыны жоғары екенін жеткізді.

Қабылдаудан соң ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Департаменті ардагерлерімен кездесу өтті. Басқосуға «ҚР ҰҚК органдарының Ардагерлері» республикалық қоғамдық ұйымы Қызылорда облысы бойынш филиалының төрағасы Серік Досмағамбетов және ардагерлер кеңесінің мүшелері Талапбай Мадияров, Сәбит Базарбаев, Еркінбай Арынғазиев, Әлібек Дәрібаев, Азат Шарапатов қатысты.

Кездесу барысында сала ардагерлері Ел Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттап, Қазақстан Республикасы Арнаулы мемлекеттік органының мақсаттары мен міндеттеріне, атқарылған қызметтеріне тоқталды. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қатарына қабылдау, Отан алдындағы борышына өтеп келген әрбір азаматқа көрсетілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдаулар жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Елжандылық – Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ыстық сезім. Ұлттың қауіпсіздігіне қалтқысыз еңбек еткен ардагерлер әр азаматтың бойындағы күш-қуаты мен білімін ел игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты ұлттық құндылықтардан тұратынын тілге тиек етіп, Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір адамның парызы екенін жеткізді.

Кездесуде арнаулы мемлекеттік орган ардагерлері облыста танымдық кездесулер ұйымдастыруға ұйытқы болған аймақ басшысына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаевқа Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен тұңғыш жүзеге асырылған «Набат» операциясына қатысты кітапты сыйға тартты.

Келелі жиында Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметіне қызығушылығын танытқан сырдариялықтар сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
21 желтоқсан 2023 ж. 256 0