Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰҚК департаментінің бастығын шығарып салды

ҰҚК департаментінің бастығын шығарып салды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында әріптестері ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаевты жаңа қызметке шығарып салды. Департамент бастығы ротация тәртібімен басқа өңірге қызмет ауыстырды.

Актив отырысына ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Бақытбек Қосжанов арнайы қатысты.

Аймақ басшысы Болат Аюбайұлына өңірдегі нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдірді.

«Болат Аюбайұлы аймақтың қауіпсіздігі, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуде табанды еңбек етті. Мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар мен саяси науқандардың жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты. Республикалық референдум, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауында кәсіби шеберлігі, мол тәжірибесінің арқасында көптеген мәселенің орнықты шешілуіне өз үлесін қосты. Болат Аюбайұлы Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сай барлық аудан және қаладағы ашық форматтағы қоғамдық қабылдауларға арнайы қатысып, жеке қабылдаулар өткізіп, халықтың толғандырған сауалдарына жауап берді. Жұмыс барысында өзіңізді іскер, ұйымдастырушылық қабілеті, жауапкершілігі жоғары, білімді, білікті, қызметкерлерді мемлекеттік маңызды істерге жұмылдыра білетін басшы ретінде көрсеттіңіз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Болат Қалмырзаевқа Сыр жұртшылығы атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Актив отырысында ҰҚК төрағасының орынбасары, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Бақытбек Қосжанов, облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Болат Аюбайұлын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

30 қазан 2023 ж. 267 0