Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырмалар сапалы және мерзімінде орындалуы тиіс

Тапсырмалар сапалы және мерзімінде орындалуы тиіс

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Біріншісі – аудан бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу шаралары жөнінде болса, екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінің аударылуы туралы.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралмас бұрын аудан басшысы кадрлық өзгерістерді таныстырып өтті. Аудан әкімінің №254 өкімімен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымына Нұрсейіт Қанат Айтмағанбетұлы тағайындалды. Бөлім басшысының қызметтік жолы таныстырылып, аудан басшысы жұмысына табыс тіледі.

Мұнан соң аудан әкімі Б.Сәрменбаев жыл қорытындысымен жоспарлы жұмыстар толық орындалу керек екенін ескертті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ағымдағы жылы ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың қорытындылануына 1 ай уақыт қалды. Сондықтан қаржылардың толық игеріліп, жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң тапсырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Әкімдік отырысындағы бірінші мәселе – аудан бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу шаралары жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаев хабарлама жасады. Бөлім басшысы ауданда жаңа жұмыс орындарының ашылуы туралы ақпарат берді.

Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс» ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биылғы жоспар орындалған. Сондай-ақ, Ұлттық жоба аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуы артығымен орындалып отыр. Дегенмен, жалпы осы жылға бекітілген жоспар әлі толық орындалмаған.

Аудан әкімі тұрғындарды жұмыспен қамту негізгі міндеттердің бірі екенін атап, жыл соңына дейін белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуге нақты жұмыстар атқаруды тапсырды.

Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінің аударылуы туралы аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Үсенов ақпарат берді. Ауданда 2023 жылдың 10 ай қорытындысымен «Халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде сақтандырылған тұрғындардың үлесі 83,1 пайызды құрап отыр. Ал 16,9 пайызы міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру жүйесінен тыс қалған.

Аудан әкімі міндетті төлемге қатысты елді мекендерде кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін жеткізді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында бұдан басқа да өзекті мәселелердің шешімін табуын назарда ұстауды ескертті.

Күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек облыс әкімінің жеке қабылдауларында және аудан әкімдігімен берілген тапсырмалардың орындаушылық тәртібі қаралды. Бұл бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы А.Жұмабеков пен аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Г.Қонақбай баяндады. Тапсырмалардың сапалы және мерзімінде орындалуына қатысты ақпарат ұсынды.

– Әрбір берілген тапсырмалардың сапалы және мерзімінде орындалуын қатаң тапсырамын. Мерзімінде орындалмаған тапсырмалар бойынша тәртіптік жауапкершілік қаралады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан әкімдігі отырысының қорытындысында хаттамалық тапсырмалар берілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
29 қараша 2023 ж. 293 0