Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімдігінің отырысы өтті

Аудан әкімдігінің отырысы өтті

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Димаш Байдушевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің отырысы өтті. Оған аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары мен кент және ауыл әкімдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер қаралмас бұрын, Мемлекет басшысы мен Үкімет делегациясының жұмыс сапарымен Сыр өңіріне, оның ішінде Нағи Ілиясов ауылына келу жұмыстарына атсалысқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің «Алғыс хаты» табыс етілді.

Сондай-ақ, Сырдария ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалған Қанат Шарафадинов таныстырылды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы бөлім бастығының қызметтік жолын таныстырып, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

Әкімдік отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Біріншісі – егін жинау науқанының барысы туралы, екіншісі – аудан көлеміндегі жол белгілерінің жай-күйі және 2023-2024 жылға жылу беру маусымына дайындық барысы туралы.

Бірінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Мейрамбекұлы хабарлама жасады. Ол бүгінде егін жинау науқаны аяқталып қалғанын айтты. Шаруашылық құрылымдарына егінді ысырапсыз жинап алуға аймақ басшысының қолдауымен барлық мүмкіндік қарастырылғанын жеткізді.

Ал екінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Бисембаев ақпарат берді. Аудан бойынша жол белгілерін жаңарту жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, аудандық полиция бөлімінің нұсқамасына сәйкес, есепті мерзімде кент және елді мекендерде 300 дана жол белгісі орнатылып, кент аумағында 45 шақырым жол таңбалары сызылған.

Одан бөлек, ауданда ағымдағы жылдың 15 қазанынан бастап жылу беру қамтамасыз етілген. Әлеуметтік нысандарға қатты және сұйық отын қоры қажеттілік бойынша жеткізілуде.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Байдушев нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, егінді толық жинап алуды қамтамасыз етуді, еңбек адамдарына тиісті деңгейде құрмет көрсетуді, келер жылдың егістік көлемін нақтылауды тапсырды. Сондай-ақ, жол белгілерін уақытылы жаңартып, күтіп ұстауды, жылу маусымына қатысты мәселе болмау керектігін ескертіп, назарға салды.
18 қазан 2023 ж. 220 0