Көшпелі отырыс
Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы Шаған ауылында ұйымдастырылып, кеңес мүшелері елді мекендегі әлеуметтік нысандарды аралап, бірқатар ауыл әкімінің есепті баяндамасын тыңдады.
Ең алдымен Кеңес төрағасы М.Еспенбетов бастаған кеңес мүшелері ауылдық аурухананың жұмысымен танысты. Бірден айту керек, бұл нысан жөндеуді қажет етеді. Бұл жөнінде тиісті ұсыныстар бұған дейін де айтылды, жазылды. Ендігі мақсат биыл басталып, келесі жылы аяқталатын жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу. Осыны ескерген кеңес мүшелері алдағы уақытта да мониториг жұмыстары ұйымдастырылатынын айтты.
Мұнан кейін ауылдағы кеңес мүшелері №37 мектеп-лицейінің, «Алтын сақа – Шаған» балабақшасының және «Қазпошта» АҚ қарасты ауылдық бөлімшенің жұмысымен танысты. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер мекеме басшыларына ескертіліп, бірқатар ұсыныс енгізілді. Кеңес мүшелері ауылдағы пошта ғимаратының соғыстан кейінгі тоз-тозы шыққан ғимаратқа ұқсаған сиқы елді мекеннің көркіне сын екенін айтты. Сондай-ақ бюджет әкімшілеріне, тиісті басқармаларға жазбаша ұсыныстар берілетін болды. Бұл жөнінде қоғамдық кеңес жанындағы комитет төрағалары қосымша жиналыс өткізіп, мәселелердің орындалуын бақылауға алмақ.
Ал көшпелі отырыстың күн тәртібінде Ақжарма, Н.Ілиясов және Шаған ауылы әкімдерінің есепті баяндамасы тыңдалды. Ауыл әкімдері өзекті мәселелер мен жоспарлар туралы айтты. Кеңес төрағасы жақында облыс басшысының ауданға келіп қабылдау жасағанында көлдерге су жіберу мәселесі көтерілгенін айтып, ауыл әкімдеріне қоғамдастық мүшелерімен бірлесіп ұсыныс беру қажеттігін ескертті.
Бізде жыл сайын қайталанатын бір мәселе бар. Ол судың каналдарға кеш жіберілуі. Осыны бір жүйеге келтіруіміз қажет, – деді Маратбек Нағымұлы.
Кеңес мүшелері тарапынан әкімдерге сұрақтар қойылып, жауап алынды. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы кеңес хатшысы Жандос Әбубәкіровке жүктелді.
«Тт» ақпарат