Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде негізгі 9 мәселе қаралды. Кеңес отырысына Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, кеңес мүшелері және күн тәртібіне сәйкес шақырылған мекеме басшылары қатысты.

Бірінші мәселе аудан аумағындағы инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіру (ротациялау) схемасын бекітуге арналды. Екінші мәселе Тереңөзек кентінің шекарасын (шегін) белгілеу бойынша өрбісе, үшінші мәселе Сырдария ауданының елді мекендерінің шекараларын (шектерін) белгілеу жөнінде болды. Бұл үш мәселе бойынша аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Б.Мейрамбекұлы хабарлама жасады.

Төртінші мәселеде әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту талқыланды.

Мұнан соң аудандағы мәдениет және өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Төрәлиев есеп берді.

Сондай-ақ аудандағы мемлекеттік жастар саясатын дамыту мәселелеріне арналып, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Н.Абдрасиловтың баяндамасы тыңдалды.

Алтыншы мәселе аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және базарлардағы бақша дақылдарының құрамындағы зиянды элементтердің бар немесе жоқ екеніне жүргізілетін талдау, жедел ішек инфекцияларының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы С.Өмірбаев баяндама жасады.

Қалған үш мәселеде Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдық округі әкімдерінің атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлары тыңдалды.

Кеңес мүшелері әрбір мәселе бойынша тиісті ұсыныстар енгізіп, сұрақтар қойды. Көтерілген мәселелерге баяндамашылар жауап берді.
14 шілде 2023 ж. 304 0