Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы көшпелі жиналыс ретінде ұйымдастырылды

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы көшпелі жиналыс ретінде ұйымдастырылды

Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің бүгінгі отырысы көшпелі жиналыс ретінде өткізіліп, Кеңес мүшелері ауданға қарасты А.Тоқмағамбетов ауылында бас қосты. Кеңес төрағасы М.Еспенбетов бастаған топ әуелі ауылдағы бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен танысты.

Кеңес мүшелері әуелі А.Тоқмағамбетов ауылдық ветеринарлық пунктіне барды. Ғимарат өте ескірген екен және күтім жасалмаған. Қабырғалары сөгіліп, қирау алдында тұрған ғимарат жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл бірер күн бұрын аудан басшысының ауыл тұрғындарымен кездесуінде де көтерілген болатын. Кеңес мүшелері тарапынан аудандық ветеринарлы стансаға ұсыныс енгізілетін болып келісілді.

Мұнан кейін жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаториялық бекеттің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда жұмыстардың басым көпшілігі аяқталған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші облыстық денсаулық сақтау басқармасы болса, жұмыстарды «Атахт+ГС» ЖШС жүргізуде. Жобаның аяқталу мерзімі биылғы жылдың қазан айы.

Сонымен қатар Қоғамдық кеңес мүшелері мектептің жылу қазандығын да көрді. Ауыл әкімі мен орта мектеп директоры атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, ақпараттармен бөлісті. Мектеп 1982 жылы салынған екен. Оқу ордасы дербес жылу орталығымен жылытылады. Мұнда қазір 273 оқушы білім алуда, оның 190-ы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Кеңес отырысы ауыл әкімдігінің мәжіліс залында өткізіліп, Кеңес төрағасы М.Еспенбетов төрағалық етті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Сәдуақасов баяндама жасады. Бөлім басшысы инновациялық жобалардың жүзеге асырылу барысы мен алдағы жоспарларды айтып өтті. Кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Л.Мығымбаеваның есебі тыңдалып, жаңа оқу жылының жаңашылдықтары мен оқушыларға білім мен тәрбие беру мәселелері пысықталды. Кеңес мүшелері ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды оқумен қамту мәселесін көтеріп, бірқатар ұсыныстар айтты.

Үшінші мәселе бойынша А.Тоқмағамбетов ауылының әкімі Ғ.Алданазаровтың ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасы тыңдалды. Ауыл әкімі елді мекенде 299 отбасында 1538 тұрғын тұратынын, оның 694-і экономикалық тұрғыда белсенді екенін айтты. Ауыл бойынша 204 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, оның 202-і жұмыс істеп тұр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 9 жоба ұсынылған. Биыл Б.Қашқынбаев көшесі жарықтандырылса, Ш.Мұнарбаев көшесіне асфальт төселген. Алдағы уақытта ауылдағы электр желілерін жаңарту, А.Құнанбайұлы, Е.Боранбаев көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу, Ш.Ташимов көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бағытында жұмыстар жүргізілмек.

Осы және басқа да мәселелер талқыланғаннан кейін Кеңес отырысы қорытындыланды. Кеңес төрағасы алдағы уақытта да көшпелі жиналыстар өткізілетінін айтты.
14 қыркүйек 2023 ж. 138 0