Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғи газ – Тәуелсіздік тартуы

Табиғи газ – Тәуелсіздік тартуы

Сыр өңірінде газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі ауыл тұрғындарының табиғи газ тұтынуын жеделдетуді қала, аудан әкімдеріне тапсырған. Сол тапсырмалар аясында ауданымызда да нақты жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл Қалжан ахун елді мекеніне «көгілдір отынды» жет­кізуші газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерін салу жобасына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген. Нәти­жесінде мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тиісті жұмыстарды атқарады деп белгіленген.

Аталған мердігер мекемемен келісім шарт жасалып, елді мекен бойынша жалпы ұзындығы 19,7 км құрайтын газ құбырлары жүргізілген. Тұрғын үйлерге арналған 149 дана газ құбыры түтігі орналастырылып, бүгінгі таңда 5 дана газ реттегіш шкаф пункттері орнатылған. Мұнан бөлек газ құбырының тиіс­ті құрылғыларын орнату жұ­­мыс­тары да атқарылуда.

Жалпы Тереңөзек кентіне табиғи газ келгеннен кейін жақын орналасқан елді мекен­дердің де «көгілдір отынның» рақатын көруі заңдылық. Ұзақ жылдар отын-көмір тасып, күн­нің қақаған суығында ауыр жұмыс істеген тұрғындардың жай­лы өмір сүруін қамтамасыз ету – атқарушы билікке де, өкілді органға да қатар жүкте­летін міндет. Осы ретте депу­таттар да өздерінің сайлауалды бағдарламаларына газдандыру жұмыстарын жүргізу бағы­тындағы іс-шараларды енгіз­ген болатын. Бұл біріншіден тұрғындар үшін өте өзекті мәселе болса, екіншіден ауыл тұрғындарының жаңа заман талабына сай өмір сүруінің озық үлгісі болмақ. Сондықтан Қалжан ахун ауылымен қатар Тереңөзек кентімен ірге­лес жатқан С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов елді мекенін газбен қамтамасыз ету бас­ты назарда. Бұл мақсатта газдандыру жобасын бастауға облыстық бюджеттен 20,0 млн теңге бөлінді. Биыл заңдылыққа сәй­кес мемлекеттік сатып алу жұ­мыстары ұйымдастырылып, қорытындысында «АЭS and Limited» ЖШС-і мердігер мекеме ретінде анықталды. Елді мекендер бойынша жалпы ұзындығы 48,6 км құрайтын газ құбырлары жүргізіліп, 882 тұрғын үй табиғи газбен қам­тылады деп жоспарланған. Қа­зір мердігер мекеме елді мекендерде 6,6 км құрайтын жоғары қысымдағы газ құбырын тарту жұмыстарын атқаруда. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы да жалғасатын болады.

Бірер ай бұрын Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылық басқармасының өкіл­дері биыл облыста 26 газбен жабдықтау жобасы жүзеге асырылатынын айтқан еді. Осылайша аймақтағы табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейін 70 пайыздан 72 пайызға жеткізу жоспарлануда. Осы жұмыстар уақытылы әрі сапалы жүзеге асса, табиғи газды тұтынатын тұрғындар саны артады. Бұл Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасын орындауға негіз болады. Жалпы, табиғи газ – Тәуелсіздік тартуы десек, бір-екі жылда Тәуелсіздіктің тартуын сезінетін тұрғындар саны көбеймек.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
31 қазан 2023 ж. 352 0