Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азамат есімі ардақталды

Азамат есімі ардақталды

Еңбек – ердің айнасы» дейтін болсақ, өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен, азаматтық қарым-қабілетімен ауданның дамуына үлес қосып, құрылыс саласында қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, бейнетінің зейнетін көрер тұста өмірден өткен Асылбек Әбдуовтің есімін аудан жұртшылығы әркез зор құрметпен еске алады. Ауданның құрылыс саласын басқарып, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, ҚР мемлекеттік қызмет саласының үздігі атанған азаматтың өзі өмірден  өтсе де артында игі ісі, ұмытылмас бейнесі мен еске алар ел-жұрт қалды. Ауданның 95 жылдығы аясында туған жердің дамуында өзіндік орны бар азаматтың есімі мен еңбегі қайта жаңғырды.

«Орнында бар оңалар» демекші,  ардақты азаматтың отбасының бас­тамасымен аудан ардагерлерінің ұсынысымен А.Әбдуовті еске алу іс-шарасы мен спорттық турнир ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Байдушев, ау­дандық ардагерлер кең­есі­нің төрағасы М.Келдібаев, ау­дандық мәслихат депутаттары, арда­герлер мен зиялы қауым өкіл­дері, мар­құмның ағайын-туыстары, ұр­пақ­тары қатысты.

Еске алу іс-шарасында Д.Байдушев  мем­лекеттік қызмет саласында жемісті еңбек еткен азаматтың ауданның игілігі жолында атқарған жұмысы туралы естеліктерді жаңғыртты.

– Жомарт жүрегімен, адамгершілік қасиетімен, адал ниетімен ерек­шеленіп тұратын адамдар болады. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі Асылбек Әбдуов еді. Білікті басшы, құрыш қол құрылысшы бола білген азамат өмір сүрген қоғамына адал еңбек етіп, айналасындағы дос-жарандарын жоғары сыйластықпен бағалап, абырой иесі болды десем, артық емес. Туған-туысқандарына қолынан келгенше қамқоршы бола білді. Қай жұмысында болмасын мансабына мас­танып, менменсініп кеуде көтергенін көрмеппін. Өмір бойы іс пен сөздің таза­лығын, әділдігін, шынайылығын қалайтын қалпынан айныған емес. Сондықтан Асекеңді мемлекеттік қыз­мет саласының жас мамандары үлгі тұтты, тәжірибесінен, азаматтық болмыс-бітімінен өнеге алды. Бүгінгі еске алу іс-шарасының және спорттық турнирдің аудандық деңгейде өткізілуі де ардақты азаматтың қоғамдағы орны жоғары екенін білдіреді.

А.Әбдуов жоғары білімді маман ретінде оқуын аяқтағаннан кейін Тереңөзектегі ХРСУ мекемесіне тас қалаушы шебер болып орналасып, өз ар­ман­дарын жүзеге асыруға білек сыбана кірісіпті. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, тапсырма­ларды тиянақты орындауға дағдылан­ған азаматтың еңбек жолы аудандық ауылшаруашылығы басқармасында, жобалау құрылыс коопе­ративінде, 54-жылжымалы мехкол­лонада жал­ға­са­ды. Көп ұзамай аудандық РСУ мекемесінің бастығы болады. 1987-1992 жылдары аудандық ауыл­­шаруашылығы басқармасы басты­­ғының құрылыс жұмыстары жөнін­­дегі орынбасары қызметін абы­роймен атқарады. Бұл Асылбек Сұлтанұлының жұмысқа ерте келіп, кеш қайтып жүрген ізденіске толы кезеңдері еді. Сырдария ауданы 2013 жылдан бастап құрылыс алаңына айналды. Қарқынды құрылыс аудан орталығымен қоса әр ауылда жүргізілді. Осы ретте, республика бойынша тұңғыш рет аудандық бюджет есебінен әлеуметтік нысан салынғанын айта кетуіміз керек. Бұл сол кезде аудан басшылығының, ауданның құрылыс саласын басқарған Асылбек Сұлтанұлының еңбегінің жемісі еді, – деді Димаш Серікбайұлы.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев аудандағы әлеуметтік нысандармен қатар көпір құрылыстарының тарихы жөнінде айтты.

– 2014 жылдың 20 қыркүйегі аудан тарихында алтын әріппен жазылады. Себебі дәл осы күні Сырдария өзеніне салынған көпір салтанатты түрде ел игілігіне қолданысқа берілді. «Ғасыр жобасы» саналатын маңызды нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін Іңкәрдария, Ақжарма, Шаған, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Қоғалыкөл, Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, Аманкелді елді мекендері тұрғындарының аудан орталығына іркіліссіз қатынауына жол ашылды. Бірліктің нығаюына, берекенің тасуына дәнекер болған алтын көпір Сырдария ауданының әлеуетін арттырып, тыныс-тіршілігін кеңейтуде. Бұл істі ұйымдастыруда ауданның құрылыс саласын басқарған Асылбек Әбдуовтің еңбегі зор. Облыс, аудан әкімдігі тарапынан берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, алып құрылысты жүргізген мердігер мекемемен түсінісіп, көпірдің сапалы салынуын, пайдалануға берілуін ұйымдастырған азаматтың еңбегі халық жадында. Асекең құрылыс саласын басқарған уақытта ауданда әлеуметтік нысандардың, мектептер мен балабақшалардың да құрылысы жүргізілді. Ол құрышқол құрылысшы, құрылыс саласының өте тәжірибелі  маманы болса да мемлекеттік қызметке араласып, жас мамандарды дайындады. Халық сеніміне ие болып, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы атанды, ау­дандық мәслихаттың депутаты болды. Есімі Қазақстанның құрылыс саласының Құрмет кітабына енді. Мұнан бөлек мере­келік медальдармен, облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттал­ды. Өмірінің соңына дейін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы ретінде еңбек етті. Оның жарқын бейнесі ұмытылмайды, – деді Мұса Алпысбайұлы.

Мұнан бөлек құрылыс саласының ардагерлері Төлеу Сүлейменов, Амантай Ұзақбаев, сондай-ақ Әбдуовтер әулетінің атынан Талапбек Сұлтанұлы сөз сөйледі. Бұл күні А.Әбдуовті еске алу іс-шарасы аясында аудан ардагерлері арасында шахмат, дойбы бильярдтан турнир ұйымдастырылды. Тур­нирдің өтуіне ардақты азаматтың отбасы қолдау көрсетті. Ал ұйым­дастырылуына аудан әкімдігі, ау­дандық мәдениет және спорт бөліміұйытқы болды. Турнир қоры­тындысында жеңімпаз атанған ардагерлерге қомақты қаржылай сыйақылар мен Алғыс хаттар табыс­талды. Сонымен қатар ардагерлер мен жиналған қауым А.Әбдуовтің рухына Құран бағыштау бағытында ұйымдастырылған қонақасына қатыс­ты. Еске алу іс-шарасының, спорттық турнирдің өткізілуіне қолдау білдірген азаматтарға А.Әбдуовтің бауырлары және жары, ауданның Құрметті азаматы Б.Өтегенова алғыс айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, құ­ры­лыс саласының өркендеуіне ті­лек­тес екенін білдірді.

А.Ибрагимұлы
28 қазан 2023 ж. 276 0