Қайраткер-тұлға құрметтелді
Әділ Атақайұлының есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Өз заманында елдің тізгінін ұстап, ауданның дамуына лайықты үлес қосқан ардақты азаматтың құрметіне Шаған ауылынан көше берілген. Биыл қайраткер-тұлғаның 90 жылдығына орай еске алу іс-шаралары ұйымдастырылды.
Әуелі Шаған жұртшылығы мен Ә.Атақайұлының ұрпақтары ер есімін ұлықтап ескерткіш тақта ашты. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, еңбегімен ел алғысына бөленген азамат туралы естеліктерімен бөлісті.
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Зұлқарнай Тасбергенов 1957 жылы Ташкент ауылшаруашылығы институтын бітіріп, еңбек жолын Тереңөзек аудандық ауылшарушылығы басқармасында бас агрономдықтан бастап, Тереңөзек күріш кеңшарында бас агроном қызметін атқарған азаматтың Шаған ауылының тарихында есімі алтын әріппен жазылатынын айтты. Аудандық мәслихат депутаты, «Шаған Жер» серіктестігі директорының орынбасары Әбдікәрім Серікбаев сонау 1963 жылы Ә.Атақаевтың кеңшар директорлығына тағайындалғанын, сол кезеңдерде ауылда іргелі жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Өз кезегінде Атақаевтар әулетінің атынан «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Абдолла Атақаев сөз сөйлеп, қайраткердің кеңшар директоры қызметінде болған 13 жылда Шағанның жыл сайын күріш өндіруде облыста алдыңғы орында болғанын тілге тиек етті.
– Білікті басшының іскерлігінің арқасында кеңшар экомикасы мен мәдениеті өркендеп, еңбеккерлердің тұрмысы жақсарған үлгілі елге, орталығы қала типтегі сәулеттелген шағын қалаға айналды. Әділ Атақайұлы 30 жасында облыста күріш шаруашылығын басқаруға келіп, жетістіктерге қол жеткізуі елдің ауызбіршілігінің арқасы деп есептейміз. Екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, түрлі медальдармен, бірнеше Үкімет наградаларымен марапатталды. Қайраткер-тұлға жақсы қасиеттерімен есте қалды, өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге, – деді А.Нәбиұлы.
Бұдан кейін ауылдық мәдениет үйінде Әділ Атақайұлының 90 жылдығына арналған конференция өтті. Конференцияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Алмагүл Божанова, еңбек ардагері Жақай Бодықбаев қатысты. Іс-шара барысында Жақай Бодықбаев пен Еркін Әбілдің «Тау мүсінді тұлға» атты кітабының тұсау кесер рәсімі жасалды. Конференцияға қатысушылар сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті, қайраткер-тұлғаның азаматтық болмыс-бітімін, атқарған қызметін саралап, баяндама жасады.
Мұнан соң аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтіп, ел құрметтеген тұлғаны ақындар жырға қосты. Мүшәйраға қатысушы талапкерлердің еңбегін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, ақын А.Ибрагимұлы бастаған азаматтар бағалады. Жыр бәйгесінің қорытындысында бас жүлдені Аманкелді ауылының атынан қатысқан Жұмағазы Оразов иеленді. Жүлделі І орын шағандық Шегебай Бәшеновке берілсе, ІІ орынмен қоғалыкөлдік Байрон Есенбаев марапатталды. Ал ІІІ орынды А.Тоқмағамбетов ауылының атынан қатысқан Гүлзат Қалыбай иемденсе, жетікөлдік ақын Қанат Көзейбай мен шағандық Нұржамал Ізбасқановаға ынталандыру сыйлығы берілді.
Айта кету керек, 90 жылдық аясында аудан ардагерлері арасында бильярдтан турнир ұйымдастырылды. Еңбек ардагері Р.Ақанұлы үздік кубок иегері атанса, А.Есмағанбетов, Р.Бәйменов, И.Жүсіпов арнайы сыйлықтармен марапатталды. Мұнан соң Әділ Атақайұлының рухына Құран бағышталып, ас берілді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ