Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдыңда ағаң болған қандай жақсы...

Алдыңда ағаң болған қандай жақсы...

Жақсы аға, жайсаң азамат Асылбек Әбдуов ағамыз туралы өткен шақта ой қозғап, қалам тербейміз деп кім ойлаған?! Өзі өмірден өтсе де халықтың арасында жақсы аты, игі ісі қалған ардақты азаматтың өмірі кейінгі буынға үлгі-өнеге еді ғой. Маңдай тіреп, ақыл-кеңес сұрап барғанымызда құшақ жая қарсы алып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуге, білетінін айтып, үйретуге, бағыт-бағдар беруге дайын тұратын азаматтың бүгінде арамызда жоқ екені анық сезіледі. Ауданның құрылыс саласында айшықты қолтаңбасы сайрап жатқан оның орны ойсырап қалды.

Әбдуовтер әулетінің адал еңбекпен келген абырой-беделі Сырдария ауданына ғана емес, Сыр өңіріне тегіс таныс. Білім саласының майталманы Сұлтанбек Әбдуовтің шәкірт тәрбиелеу ісіне қосқан ерекше үлесі, адал еңбегі кемі бір кітапқа жүк боларлық тағылымды тарих екенін аудан тұрғындары жақсы біледі. Ал ұлағатты ұстаз бен алтын құрсақты ана Сәнім ападан тараған ұрпақтардың жаман болуы мүмкін емес екені тағы анық. Осы ретте әке үмітін, ана сенімін ақтаған Асылбек Әбдуов ағамыз ойға оралады. Асылбек ағаның әкесіне деген құрметіне, ілтипатына талай мәрте куә болдық. Бұл перзенттің әкеге деген шексіз махаббаты деп қабылдадық.

2014 жылғы қараша айының 13-жұлдызында болған оқиға санамда жатталып қалыпты. Сол күні аудан орталығындағы Д.Қонаев көшесінің бойында Асылбек ағаны жолықтырдым. Жаңбырлы күн еді. Аспан бұлттанып тұрған. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін ағамыз әдеттегідей «Жол болсын!» деді. Бұл оның «Қайдан келе жатырсың, қайда бара жатырсың?» дегені еді. Мен мектептегі іс-шараға қатысып келе жатқанымды айтып, әлгі сұрақты ағаның өзіне қайыра қойдым. Ол кісі аудандық тарихи-өлкетану музейінен шығып, №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейіне бара жатқанын айтып, бос уақыт болса, бірге жүруімді сұрады. Келістік. Жолай музейге, мектепке жиі келетінін айтты. Өйткені, жүз жылдық тарихы бар іргелі білім ордасында әкесі Сұлтанбек аға ұзақ жылдар еңбек еткен. Сағынғанда, өткен-кеткенді ойлағанда осында келіп, мауқын басатын көрінеді. «Әке рухына тағзым етіп, іштей білетін дұғаларымды қайталап, бір сергіп қаламын» деген болатын сонда Асылбек аға. Сол күні перзенттің әкеге деген сағынышын, құрметін сезінгендей болдым. Адам қанша жасқа келсе де ата-ананың орны әрқашан бөлек болатынын ұғындым.

Аудан тұрғындары жақсы біледі, 2014 жылдан бері қарай №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің оң жақ қапталынан жаңа көшелер ашылып, инфрақұрылым жүргізіліп, зәулім үйлер салына бастады. Ауданға кіреберіс маңға Асылбек Әбдуов ағамыз да жер үйдің қазығын қақты. Қуандық, сәттілік тіледік. Сол жылы жаңа көшелерге жаңа атаулар берілді. Көшеге аты берілген майдангерлердің, ауданның тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың есімі жаңғырды. Ұрпаққа үлгі етілді. Олардың қатарында Нәлқожа Ергешбаев, Тәліп Жәрекеев, Ағайынды Бозжановтар, Бақтияр Жақып, Нұрқасым Бердіқұлов, Қасымхан Смайлов, Шәкі Оспанов және т.б. көшелер бар. Осы ретте аудан ардагерлері жаңа үйлер салына бастаған көшелердің біріне Әбду Найзабаевтың және Уәлибек Әбдуовтің есімін беру жөнінде бастама көтерді. Бұл ауданның зиялы қауым өкілдері тарапынан қолдауға ие болып, онамастикалық комиссияда мұқұлданды. Сөйтіп, тұлғалар есімі арада бірнеше жыл өткеннен кейін қайта жаңғырып, рухына құрмет көрсетілді. Асылбек Әбдуов ағамыздың үйіне ескерткіш-тақта орнатылды. Көшенің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аға буын өкілдері Әбдуовтер әулетінің ұлағатты ісіне жоғары баға беріп, ақ баталарын арнады. Бұл әулеттің, оның ішінде Асылбек ағамыздың үлкенді сыйлап, құрметтеуі арқылы кейінгі ұрпаққа көрсеткен өнегесі еді. Бәлкім, ата-ананың ақталған үміті деген осы шығар...

Орамды ойларымызды әке тақырыбынан неге бастап отырмыз? Өйткені, бір әкенің берген тәлім-тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды. Перзенттің өмірден өз орнын табуы да отбасыға, әке мен ананың өнегесіне тікелей байланысты. Іргелі әулеттің түлегі Асылбек Әбдуов ағамызды бала күнінен биік мақсат, асқақ арман игі істерге жетеледі. Оқушы кезінен өз ортасына сыйлы болған, үлкен-кішімен тез тіл табыса білетін қасиетке ие азамат орта мектепті тәмамдаған бойда Өскемен құрылыс институтына оқуға түседі. Себебі, ол шығармашылыққа бір табан жақын әрі әсемдікке, әдемілікке құштар болатын. Өзі туып-өскен аудандағы аласа үйлердің орнына еңселі ғимараттар салуды армандайтын. Тіпті, қиял жетегіндегі бозбала жігіт кейде кірпік ілмей таң атыратын. Бұл оның құрылыс, сәулет саласына деген қызығушылығының жоғары болғанын аңғартса керек.

Арман мен талап ұштасса, азаматқа алынбайтын асу жоқ. Жоғары білімді маман оқуын аяқтағаннан кейін Тереңөзектегі ХРСУ мекемесіне тасқалаушы шебер болып орналасып, өз армандарын жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кетеді. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, тапсырмаларды тиянақты орындауға дағдыланады. 1984 жылы сәтті басталған еңбек жолы аудандық ауылшаруашылығы басқармасында, жобалау құрылыс кооперативінде, 54-жылжымалы мехколлонада жалғасады. Көп ұзамай аудандық РСУ мекемесінің бастығы болады. 1987-1992 жылдары аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының құрылыс жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарады. Бұл Асылбек Сұлтанбекұлының жұмысқа ерте келіп, кеш қайтып жүрген ізденіске толы кезеңдері еді.

Асылбек ағамыздың өмірінің қай жылын алып қарасаңыз да білімі мен күш-қайратының аудан дамуына жұмсалғанын анық аңғаруға болады. Бүгінде сырдариялықтар аудандағы мекемелердің, тұрғын үйлердің, демалыс орындарының, гүлзарлар мен алаңдардың құрылысында Асылбек Әбдуовтің қолтаңбасы сайрап жатқанынан жақсы хабардар. Ол және ұмытылмайды. Ең бастысы кезінде А.Әбдуов басқарған «Ремстрой» ЖШС жүргізген құрылыс нысандары халықтың әлі күнге қажетіне жарап, аудан ажарына әр беріп, келбетіне көрік қосып тұр.

Сырдария ауданы 2013 жылдан бастап құрылыс алаңына айналды. Қарқынды құрылыс аудан орталығымен қоса әр ауылда жүргізілді. Осы ретте республика бойынша тұңғыш рет аудандық бюджет есебінен әлеуметтік нысан салынғанын айта кетуіміз керек. Бұл сол кездегі аудан басшысы Ғанибек Қазантаевтың және ауданның құрылыс саласын басқарған Асылбек Әбдуовтің ізденісінің, қажырлы еңбегінің жемісі болатын. Бұл еңбекті бағалайтындардың қарасы қалың және солардың бірі де бірегейі қоғам қайраткері Алмагүл Божанова.
– 2014 жылдың 20 қыркүйегі аудан тарихында алтын әріппен жазылады. Себебі дәл осы күні Сырдария өзеніне салынған көпір салтанатты түрде ел игілігіне қолданысқа берілді. «Ғасыр жобасы» саналатын маңызды нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін Іңкәрдария, Ақжарма, Шаған, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Қоғалыкөл, Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, Аманкелді елді мекендері тұрғындарының аудан орталығына іркіліссіз қатынауына жол ашылды. Бірліктің нығаюына, берекенің тасуына дәнекер болған алтын көпір Сырдария ауданының әлеуетін арттырып, тыныс-тіршілігін кеңейтуде. Бұл істі ұйымдастыруда ауданның құрылыс саласын басқарған Асылбек Әбдуовтің еңбегі зор. Облыс, аудан әкімдігі тарапынан берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, алып құрылысты жүргізген мердігер мекемемен түсінісіп, көпірдің сапалы салынуын, пайдалануға берілуін ұйымдастырған азаматтың еңбегі халық жадында. Сол кездегі аудан басшысы Ғанибек Қонысбекұлының бас­тамасымен құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізілгеніне бәріміз куәміз. Жаңа көшелер ашылып, жаңа нысандар пайдалануға берілді. Ал оның артында Асылбек секілді жұмысына жауапты азаматтардың ізденісі мен маңдай тері жатқаны анық, – дейді Алмагүл Божанова.

Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы құрылыс саласының майталманы Асылбек Әбдуовтің адамдық қасиеттеріне назар аударды.

– Біз Асылбекпен бірнеше жыл көрші тұрдық. Ол мінезге бай, өз ретін, жолын білетін азамат еді. Ешкімге қатты сөзі жоқ болатын. Біреуге ұрысқанын немесе қатты сөйлегенін көрген, естіген емеспін. Кішіпейіл азаматтың мемлекеттік қызмет саласында атқарған жұмысы да көпке үлгі. Бірқалыпты, аспайтын, таспайтын азаматтың ауданның құрылыс саласындағы қалдырған қолтаңбасын бәрі біледі. Артына өшпес із бен іс қалдырған Асылбек Әбдуов жасы үлкенге құрметпен, жасы кішіге ізетпен қарайтын жақсы азамат ретінде есімізде ұзақ уақыт сақталады, – дейді Хайролла Әбенұлы.

Қоғамда, әріптестері арасында зор абыройға бөленген Асылбек Әбдуов отбасында ардақты жар, асыл әке, қамқор ата болды. Әулеттің барлық шараларын ұйымдастырып, басы-қасынан табылатын. Үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысатын, сөзі өтімді болатын, көңілі де кең еді. Ерлері аттан, қазаны оттан түспеген отбасының қонақжайлылығының өзі бір төбе. Асылбек ағамыз бен Балшекер апамыздың ақ дастарханынан дәм татпаған адам кемде-кем шығар. Осы ретте құт қонып, бақ дарыған отбасының елге белгілі Хасанғалиевтер, Нұрсейітовтер әулетімен құда екенін айтпай өту мүмкін емес. Мақаланы жазу барысында қазақ елінің дарынды перзенті Ескендір Хасанғалиевпен пікірлесудің сәті түсті.

– Біз бұрынғының адамымыз, қиын кезеңдерді көзімізбен көрдік, барлық өзгеріс көз алдымызда өтті. Ұрпағымыз ер жеткен соң қандай отбасымен құда боламыз деп жиі ойлайтынмын. Қазақ «Құданы Құдай қосады» дейді ғой. Ұлым Біржан Сыр өңірінің аяулы қызымен көңіл жарастырып, 2011 жылы Әбдуовтер әулетімен құда болдық. Құдамыз Асылбек өте қарапайым, таза, аңқылдаған азамат еді. Тектілік, тәрбие тұла бойынан анық байқалып тұратын. Осындай жақсы әкеден тәлім алған Ақмаржан келініміз шаңырағымызға құт болып енді. Бүгінде мың да бір шүкір, балдан тәтті бірнеше немерелеріміз бар. Әбдуовтер әулетімен құда болғанымызға қуанамыз, – деген атақты сазгер Ескендір Өтегенұлы «Құрылысшылар әнұраны» әнінің шығу тарихын баяндады. «Аталған әннің сөзін сырбойылық ақын Шөмішбай Сариев жазған. Ең алғаш рет ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында шырқалған ән құдам Асылбек Әбдуов секілді құрылысшыларға арналған. Бұл әнде менің құрылысшыларға деген құрметім, ілтипатым көрініс тапқан. Жалпы сазгер де, құрылысшы да шығармашылықтың адамы. Сазгер ән ырғағын, туындысының танылуын ойласа, құрылысшы өз қолымен жасаған құрылысының сапалы әрі халықтың оң бағасына ие болуын ойлайды. Сондықтан көп ретте Асылбек екеуміздің пікіріміз бір арнаға тоғысатын» дейді Ескендір Хасанғалиев.

Иә, өмірі өнегелі істермен өрілген азаматтың өңірге аян өмірбаянын аудан тұрғындары жақсы біледі. Асылбек Әбдуов ағамыз ауданды абыроймен басқарған Алмагүл Божанова, Әріп Хожбанов, Ибрагим Әбибуллаев, Сұлтанбек Тәуіпбаев, Ғизат Әбілтай, Ғанибек Қазантаев және бүгінгі күндегі аудан әкімі Руслан Рүстемовпен бірге жемісті қызмет атқарды. 1992-1997 жылдары жеке кәсіпте жұлдызы жарқырап, аудан аумағында көптеген жаңа нысандар салынды. Жас мамандар үйлі болып, қоныс тойын тойлады. Әлеуметтік нысандардың, мектептер мен балабақшалардың да құрылысы жүргізілді. Мемлекеттік қызметке араласып, жас мамандарды дайындады. Халық сеніміне ие болып, Қазақстанның құрметті құрылысшысы атанды, аудандық мәслихаттың депутаты болды. Есімі Қазақстанның құрылыс саласының Құрмет кітабына енді. Мұнан бөлек мерекелік медалдармен, облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Өмірінің соңына дейін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы ретінде еңбек етті. Мұның бәрі оның өмірі мен еңбек жолы ауданның даму белестерімен тығыз байланысты екенін білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, ардақты азаматтың артында өшпес із қалды.

Қазақ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді. Пенде шіркін бір-бірінің қадірін жоқ кезде, жоғалтқанда ұғынады емес пе?! Әңгімелесе қалсақ, Асылбек ағамыз «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы» дегенді жиі айтатын. Расында да маңдай тіреп, ақыл-кеңес сұрап барғанымызда ағалық мейіріммен қарсы алатын азаматтың орны ойсырап қалды. Мен де «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы» деп қорытындылауды жөн көрдім...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

15 тамыз 2020 ж. 1 020 0