Халықаралық турнир жалауын көтерді
Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан ХХIV халықаралық турнир өз жалауын көтерді. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов және қайраткер-тұлғаның ұрпақтары мен аудан жұртшылығы, спорт саласының ардагерлері қатысты.
Спорттық іс-шарада аудан әкімі Б.Сәрменбаев турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Елеу Көшербайұлы – қазақ елінің экономикасын, мәдениетін өркендетуге, ұлттық дәстүрді сақтауға, әсіресе Қызылорда облысының дамуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан қайраткер. Ардақты азамат әдебиет пен өнер саласының дамуына да өзіндік қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға. Елеу Көшербайұлы 1960-1970 жылдары Қазалы, Сырдария аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тереңөзек, Сырдария ауданының атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, 1975-1991 жылдары Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып абыройлы еңбек еткен. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, елеулі қызметтер атқарған азаматты халықтың ықыласына бөленген тұлға деп айтуға толық негіз бар. Бұл сөзімізге қайраткердің «Ленин», «Октябрь революциясы», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталғаны дәлел. Турнирдің халықаралық дәрежеде және дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы өте дұрыс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Өз кезегінде облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов қайраткердің зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық істерге араласып, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде мерейі үстем болғанын, еліміздің тарихы үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, халықтың алғысына ие болғанын айтты.
– Мемлекет және қоғам қайраткері Е.Көшербаевтың елдің есінде қалған еңбектері жетерлік. Мәселен, ардақты тұлғаның бастамасымен және ерекше ықпал етуімен Қорқыт ата мемориалды кешені тұрғызылды. Бұл жер бүгінде Түркі тілдес елдердің ортақ тағзым ететін орнына айналды. Сондай-ақ, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі – Ғани Мұратбаев ескерткішінің ашылып, мұражайының салынуына атсалысты. Ардақты әкенің ісін ұрпақтары лайықты жалғастыруда. Атап айтқанда, Елеу Көшербайұлы бастаған Қорқыт ата мұрасы ұрпақтарының мұрындық болуымен ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының қатарына қосылды. Одан бөлек, қайраткер тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттау мақсатында ұрпақтары бір ғана Сырдария ауданында емес, мәдени-спорттық іс-шараларды облыс көлемінде жыл сайын ұйымдастырып келеді. Бұл – әкені ардақтап, есімін мәңгі етудегі игі іс. Сондықтан Елеу Көшербайұлының елге жасаған еңбегі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Сыр елінің дара тұлғасының есімін дәріптеу мақсатындағы турнирге қатысушылардың санының жыл сайын артуы да турнирдің мәртебесін биіктетуде. Халықаралық турнир спортшылар үшін саламатты өмір салтын қалыптастырудың, жаңа достар табудың және жеңіске бастар жолдың нағыз үлгісі ретінде өз тұғырын биіктетті, – деді Жігер Оңдасынұлы.
Турнирдің ашылуында мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаевтың құттықтау жеделхаты оқылды. Өз кезегінде Өзбекстан волейбол Федерациясының аға жаттықтырушысы Шерузат Маталиев Көшербаевтар әулетіне арнайы сыйлық табыс етті.
Айта кетейік, турнирге Өзбекстан мемлекетінен және еліміздің облыстарынан 30-ға жуық команда, 350-ден астам спортшы қатысуда. 24 қыркүйекте қорытындыланатын турнир жеңімпаздары қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ