Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымға толы тағдыр

Тағылымға толы тағдыр

Тағылымды тарихқа тағзым ету, елге еңбегі сіңген тұл­ғаларға құрмет көрсету, олардың игілікті ісін кейін­гі ұрпаққа дәріптеу – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласында айтылған маңызды бағыт­тардың бірі. Түптеп келгенде, саналы ғұмыры қоғамның дамуына арналған, адал еңбекті ту еткен қайраткер-тұлғалардың өнегелі өмір жолын насихаттау – тарих алдындағы парызымыз. Бұл ретте, ауданға қарасты Шаған ауылдық округінің қалыптасуы мен дамуын сөз етер болсақ, қоғам қайраткері Қозытай Әбуовтің есімі ерекше құрметпен айтылады. Тағылымға толы тағдыр иесі ортамызда болғанда биыл 90 жасқа толар еді.

Сырдария ауданының ғана емес, облыстың ауыл шаруашылығы саласында өз қолтаңбасын қалдырған Қозытай Әбуов Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Тұрмыс тауқыметімен ерте есейген ол өзінің еңбек жолын 1946 жылы бастаған. 1948 жылға дейін Кеңес колхозында колхозшы бола жүріп, орта мектепті бітірген жас жігіт кейіннен Алматы қаласындағы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында білім алған. Аталған оқу орнын «Ғалым-агроном» мамандығы бо­йынша 1953 жылы тәмамдаған. Қаратау шатқалында туып-өскен оның еңбек жолының жемісті кезеңдері Тереңөзек ауданында өткен. Нақтырақ айтқанда, 1953-1958 жылдары облыстық ауыл ­шаруашылығы басқармасының жолдамасымен Сырдария (бұрынғы Терең­өзек) ауданындағы Аламесек МТС-те агрономдық қызметте болған. Бұл туралы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қайып Әбдібековтің естелігін тыңдағанды жөн көрдік.

– Еңбек жолымызда көптеген азаматтармен қызметтес болдық. Солардың ішінде Қозытай Әбуовті ұмыту мүмкін емес. 1958-1961 жылдары Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы инспек­циясының бастығы болған ол кісінің атқарған жұмысы, әрбір сөзі мен ісі көңілімізде жаңғырып тұр. Қ.Әбуов – Ша­ған­дағы шаруашылықтың негізін құр­ған азаматтардың бірі де бірегейі. Ол 1961-1963 жылдары бірнеше колхоздан біріккен «Тереңөзек» күріш совхозына алғашқы директор болып жемісті еңбек етті. Біз ол кісінің басқаруымен шаруашылықтың алғашқы жоспарларын құрып, егіс көлемін арттыру бағытында тер төктік. Білікті басшы, іскер ұйым­дастырушы ретінде танылған азаматпен жұмыс істеу зор жауапкершілікті талап ететін. Бірақ, мамандарға деген құрметі, ілтипаты, қолдауы айрықша болатын, – дейді ауыл шаруашылығы сала­сының ардагері, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қайып ақсақал. Арда­гердің айтуынша, күрішті егіп бол­ғаннан кейін сол кездегі басшылық тара­пынан Сыр маржанының отағын отау бағытында тапсырма беріліпті. Әр маманға бір гектар жердің шөбін отау тиесілі болған екен. Сол қызметті шар­уашылық жетекшісі Қозытай Әбуов қыз­меткерлермен бірге өзі де атқарып, егін даласынан табылыпты. «Бұл оның қарапайымдылығының жарқын көрінісі еді» дейді бізбен әңгімесінде еңбек арда­гері.

Қай қызметті тапсырса да сапалы, уақытылы, ең бас­тысы жана­шырлықпен орындайтын Қозытай Әбуов жастайынан өзін іскер басшы, болашағынан үміт күттіретін азамат ретінде танытқан. Сол қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1963 жылы ауыл шаруашылығының барлық саласында жоғары көрсеткіштерге жеткен Қ.Әбуов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Бұл адал еңбекке берілген лайықты баға еді. Сондай-ақ ел сенімін арқалап, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Еңбектің қазанында қайнап, күндіз-түні ауыл үшін, шаруашылық үшін тер төккен азамат 1964-1967 жылдары Тереңөзек аудандық, ке­йіннен Қызылорда облыстық ауыл ­шаруашылығы басқармасының бас­тығы қыз­меттерін атқарған. Бұл туралы сол кезде бірге қызмет атқарған шағандық еңбек ардагері Төлеп Мыхановпен пікірлескен едік.

– Шағандағы шаруашылықта механик болып жүрген кезіміз­де Тереңөзек аудандық ауыл шаруа­шылы­ғы инспекциясының басты­ғы Қозытай ағаның есімін, атқар­ған қызметін сырттай еститін едік. Кейін «Тереңөзек» күріш сов­хо­зының алғашқы директоры болып тағайындалғанда бірге қыз­меттес болып жақыннан тани түс­тік. Өте белсенді болатын. 1961 жылы шаруашылық 700 гектар күріш екті. Бірнеше бөлімше болды. Ауыл шаруашылығы саласымен қатар мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілді. Машина-трактор стансасына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ол жөндеу-техникалық стансасы болып өзгертілді. Қ.Әбуов тек шаруашылықтың жұмысымен ғана айналысқан жоқ, кейіннен жоғары партия мектебін оқып, қызыл дипломмен аяқтады. Облыстың Арал, Қазалы аудандық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1974-1980 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етті. Сонымен бірге көршілес Жалағаш ауданының «Мәдениет» совхозының директоры болды. Ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өзінің туып-өскен мекені Жаңақорғандағы «Келінтөбе» сов­хозының директоры ретінде ауыл­дың қалыптасуына, дамуына, мәде­ниетінің көтерілуіне өз үлесін қосты, – дейді Төлеп Мыханов.
Қызметте абыройлы болған Қозытай Әбуов еңбек ардагері Айқын Қожағұлованың айтуынша, отбасында адал жар, ардақты әке, жанашыр бауыр болған.

– Қозытай аға жары Күлжаханмен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиеледі. Олар 1957 жылы Шағанда шаңырақ көтерді. Көрші-көлем, ағайын-туыс­пен жақсы араласты. Өнегелі отбасы болды. Көпшіл, қонақжай, сыйлы азамат еді. Үлкен қызы Нұрсәуле білікті дәрігер болса, екінші қызы Роза прокуратура саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етті. Ал Қазыбек атты үшінші баласы қазынашылық саласында жұмыс істеп, 2001 жылы өмірден өтті. Үйдің кенжесі Қаныш заңгер болып жұмыс жасады. Қозытай ағаның өзі көзден кетсе де көңілден кетпейді. Шіркін, ауыл төңірігінде жақсы, жайсаң, өшпес із қалдырған көп кісілер өтті ғой, – дейді Айқын әже.

Атап өту керек, Қ.Әбуов 1957 жылы КПСС мүшесі болған жә­не еңбек еткен жылдарында екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордені­мен марапатталған. Сондай-ақ «Құр­мет белгісі» орденінің иегері атан­ған. Осы ретте, 2016 жылы аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды іс-шара еске түседі. Сол кезде мемлекет және қоғам қай­раткері Сейілбек Шаухаманов ел ардақтысы Қозытай Әбуов туралы өз естелігінде «Ауданның ғана емес облыстың күріштен аты шығып, мерей-мәртебесінің тасуында, республикаға танылуында Қозытай Әбуовтің еңбегі өлшеусіз. Ол кісі барлық құрметке лайықты» деген еді. Бұдан асырып біз ештеңе айта алмаспыз. Бір анығы, құт қонып, бақ дарыған Сырдария атты аграрлы аудан бар кезде еңбегімен ел есінде қалған қайраткер-тұлға Қозытай Әбуовтің есімі ешқашан ұмытылмайды. Сыр маржанынан тау тұрғызып, ауданның қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан ел ардақтысына кейінгі ұрпақ мәңгі қарыздар.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ


22 қыркүйек 2020 ж. 654 0