Аудан әкімі қазыналы қарттарды мерекесімен құттықтады
Қадірлі аға буын өкілдері!
Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Біз – әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлерді құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – біздерге бабадан сіңген қасиет.
Алыптарға алтын бесік болған Сырдария ауданының өсіп-өркендеуі жолында әр алуан салада нағыз еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлерімізге құрметіміз ерекше. Дархан далада күріштен тау тұрғызған «Социалисттік Еңбек Ерлері» Дүйсенбай Керейтбаев, Ибадулла Ақниязов, Цой Ги Хва, Қасым Бөдеев, Ахмет Халықов секілді азаматтар, нәзік жанды болса да Күләнда Әбдіраманова, Балдырған Мұстафаева ардақты апаларымыз еселі еңбектің үлгісін көрсетті.
Денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек еткен Рүстем Садықұлы, Астрахан Қожахов, Зетов Шынтас, талай шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан білім беру саласының білгірлері Жоламан Ерманов, Ұлмекен Шанайқызы, Анар Ізбасарова, мәдениет майталмандары Алма Бақтиярова, Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасов, егін даласында ерлермен қатар жүріп еңбек етіп, есімі ел-жұртқа танылған күрішші механизаторлар Бексұлу Синаева, Рысты Өкшебаева, Райкүл Жалғасбаева, үздік сауыншы атанған Сәуле Өмірзақовалар, өмірінің соңына дейін ардагерлер кеңесін басқарған Хайрулла Әбенов секілді еңбектен бақытын тапқан қазыналы қарттарымыз айта берсе ауданымызда көп.
«Үлкеннен үлгі алған кіші адаспас» дегендей, ардақты ардагерлеріміз кейінгі толқынға ақыл-парасаты мен өнегесін көрсетіп, ауданның дамуына лайықты үлес қосуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 4000-нан аса зейнеткер болса, оның ішінде, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровтың арамызда жүріп, көпшілікке ақ батасын беруі – біз үшін зор қуаныш. Мұнан бөлек, аудан бойынша 150-ден астам тылда қажырлы еңбек еткен ардагер бар. Олардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті тыныс-тіршілігі, тиісті қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болуы – әркез басты назарымызда.
Қадірлі қариялар!
Еліміз жыл санап қарышты дамып келеді. Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты елде ғана береке болатыны белгілі. Бірлікті ту етіп, қоғам дамуына үлес қосып жүре беріңіздер! Өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіріп, алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін.
Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен, Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі
Сырдария ауданының әкімі