Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Демеушілердің еңбегі: Аудан дамуындағы айшықты істер

Демеушілердің еңбегі: Аудан дамуындағы айшықты істер

Сыр өңірінде туған жерді түлетуге, игі бастамаларды жүзеге асыруға ниетті азаматтардың қатары артып келді. Соның негізінде жыл сайын бюджеттен тыс қаржы көздерінен жаңа нысандар салынып, инфрақұрылым жаңартылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл жұмыстар біздің Сырдария ауданында да аудан әкімінің ұсынысымен, демеушілердің қолдауымен жүйелі жүргізілуде.

Аудан дамуындағы айшықты істерді ұйымдастыру мен үйлестіру жұмыстарына аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімі әркез ұйытқы болып келеді. Бөлім тарапынан кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын ұсыныстар зерделеніп, оның орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Бұл туралы аудандық газет арқылы әркез ақпарат ұсынып, атқарып жатқан жұмысымызды жариялап келеміз. Бүгін де бірқатар жұмыстарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Айдарлы – аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл. Ауылдағы орта мектептің қоршауының ескіріп, тозғанына да бірнеше жыл болған еді. Бұл мәселені мектеп директоры Г.Смайлова мен ардагер-ұстаздар көтеріп, аудан басшысына ұсыныс айтылған болатын. Ауылдағы білім ордасының ұсынысын қолдаған аудан басшысы Б.Сәрменбаев қор­шаудың демеушілер тарапынан жөнделуі­не ықпал жасады. Бұл жолы «УАД» мекемесі қолдау білдіріп, 6,6 млн теңге бөлді. Бөлінген қаражатқа мектеп қоршауы ауыс­тырылып, сырланды. Игі іске «Өрлеу кз» жеке кәсіпкерлігі де атсалысты. Нәтижесінде ауыл мектебінің ұсынысы орындалып, елді мекендегі негізгі көшеде орналасқан ғимарат­тың сәні кіріп қалды.

– Мектеп қоршауының жаңартылуына қолдау білдірген азаматтарға айтар алғысы­мыз шексіз. Ауыл халқы үшін тамаша тарту болды. Жанашыр азаматтардың жұмыстары жемісті болсын, – дейді айдарлылық ардагер-ұстаз Ұлтай Бектаева.

Осы тектес жұмыс Қоғалыкөл ауылында да ұйымдастырылды. Аудандық мәслихат депутаты Д.Ибадуллаеваның, ауылдағы мек­тептің директоры С.Қаюпов бастаған ұс­таз­дардың ұсынысымен білім ордасының алды ас­фальтталды. Аудан басшысының қо­ға­лы­көлдіктердің өтініші жөнінде көтерген бас­тамасын «Әлем Қызмет Group» серіктестігі қолдап, аз уақыттың ішінде кәсіпкерлердің қол­дауымен асфальттау жұмыстары жүргізіл­ді. Осы ретте, бұл серіктестіктің Н.Ілиясов ауылындағы стадионның алдын да асфальт­тап бергенін айтып өткеніміз жөн. Қазіргі таңда екі ауылдың халқы өз ризашылығын білдіріп, атқарылған жұмысқа алғысын айтуда.

– Мектеп – білім мен ғылымның, тәрбие мен тағылымның ордасы. Алтын ұяның алдын асфальттап бергені бізге қуаныш сыйлады. Бұл істің демеушілікпен атқарылғаны да бірліктің, ынтымақтың белгісі, – дейді қоғалыкөлдік еңбек ардагері Қамар Рүстемов.

Ауылдардан бөлек аудан орталығында да демеушілердің қолдауымен жақсы жұ­мыстар атқарылуда. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары бөлі­мі жолдардың жөнделгенін, сондай-ақ автотұ­рақтардың да ретке келтірілгенін құп көреді. Мәселен, Тереңөзектегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы орта мектебі 1200 оқу­шыға лайықтап салынған. Яғни, осынша баланы балабақшаға, мектепке, мектептегі үйір­мелерге әкелуге көп ата-ана келеді. Олар автокөліктерін бұрын ескірген, күзде бал­шыққа, қыста ойыққа толы автотұраққа қоятын. Бұл автотұрақ биыл жөнделді. Жөндеу жұмыстарына «Ақ тоған» ЖШС қолдау көрсетті.

Жалпы, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан халыққа аса қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар тұрақты түрде зерделеніп, оның шешілу жолдары аудан әкіміне ұсынылып келеді. Қазір бюджеттен де, бюджеттен тыс көздерден де ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде ауылдарды газдандыруға қатыс­ты жоба-сметалық құжаттарды әзір­леуге жергілікті кәсіпкерлердің қолдау біл­діріп жатқанын айтып өтуіміз керек. Жалпы, Сыр өңірінде демеушілер есебінен 31 млрд 700 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның бірқатары жыл соңына дейін аяқталып, салтанатты түрде табысталатын болады. Қорыта айтқанда, демеушілердің еңбегі аудан да­муындағы айшықты істер ретінде тарихта­ алтын әріппен жазылатын болады. Бөлім тарапынан аудандағы инфрақұрылымдық жұ­мыстарды дамытуға, тұрғындардың өтініші мен ұсынысын орындауға қолдау білдірген «УАД», «Әлем Қызмет Group», «Ақ тоған» серіктестіктеріне және «Өрлеу кз» жеке кәсіпкерлігіне айтар алғысымыз шексіз. Ауданымыз дами берсін!


Нұржан Бисембаев.
аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі
және автомобиль жолдары
бөлімінің басшысы
30 қыркүйек 2023 ж. 297 0