Барды бағалай білейік

Бірден ашып айту керек, соңғы жылдары инфрақұрылымды дамытатын жобалар ауданымызда көптеп жүзеге асырылуда. Оның ішінде жолдардың салынуы бойынша облыстың өзге аудандарымен салыстырғанда көш ілгеріміз. Автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың салынып, халық игілігіне жарап жатқанынан тұрғындар да жақсы хабардар. Бұл жөнінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз көп.

Өткен аптада аудан басшысы кенттің Б.Момышұлы көшесін аралап, бірер жыл бұрын ғана пайдалануға берілген балалар ойын алаңын көрді. Бұл аумақта екі ойын алаңы бар. Оның бірі жақсы сақталса, ұқыпты ұсталса, екіншісінің жағдайы сын көтермейді. Осы ретте, ойын алаңындағы құрал-жабдықтарды сындырып кеткен сол маңның тұрғындары немесе жасы үлкен балалар екені белгілі. Бұл туралы бұрын аудандық газетте тұрғындарға ой саларлық мақалалар жазылды және біз де әлеуметтік желі арқылы тиісті түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеміз. Бірақ, біздің атқарып жатқан жұмыстарымызды әлі де болса тереңірек түсінбейтін немесе туған жеріміздің игілігі үшін жасалған жұмысқа жүрдім-бардым қарайтын тұрғындар бар. Осы тұста, осы жердің жергілікті азаматы ретінде, тиісті бөлімнің басшысы ретінде тұрғындарды бюджет қаражатынан жасалған жұмыстың сапасына жауапкершілікпен қарауға шақырғым келеді. Өйткені, біз мемлекет тарапынан көп жұмыстар атқарылып жатқан тұста барды бағалай білуіміз қажет. Егер, біз бірлесе жұмыс атқарып, барды ұқсата білсек, онда жаңадан салынған ойын алаңдарының жағдайы көптің көңілінен шығады. Ол үшін әр ата-ана үйдегі баласына қоғамдық орында жүріп-тұруды, өзін-өзі дұрыс ұстауды, тіпті ешкімге зияны тимейтіндей ойнауды, әткеншектерді үзіп, басқа да ойнауға арналған темірлерді сындырмауды, бүлдірмеуді үйретуі керек.
Жалпы, қай кезде де тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы мәселелер өзекті. Бұл сала уақыт өткен сайын қолайлы жағдай мен тың идеяларды жүзеге асыруды талап етеді. Сондықтан салаға бөлінетін қаржы көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Бөлім мамандары аудан аумағында қолайлы қоршаған ортаны құру және қолдау бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. Мұнан бөлек абаттандырудың, санитарлық жағдайдың, көгалдандырудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету күнделікті бақылауымызда. Біз ауданның орталығынан бастап, шалғай орналасқан елді мекендердің де таза, жинақы болғаны дұрыс деп есептейміз.
Ауданымызда бюджеттің мүмкіндігіне қарай жолдар жөнделіп, тұрғын үйлер салынып, жаңа нысандар пайдалануға беріліп, жергілікті халық бұрын орындалмас арман болған табиғи газдың игілігін де көріп жатыр. Алдағы уақытта осы жұмыстар жалғасары анық. Тек тұрғындарда бардың қадірін білсе, күтіп-ұстауға жанашырлық танытса деп ойлаймыз.
Нұржан БИСЕМБАЕВ,
аудандық тұрғын-үй
коммуналдық шаруашылық,
жолаушылар көлігі
және автомобиль жолдары
бөлімінің басшысы