Тұрғын үйлердің қасбеті жаңартылуда

Игілікті істер серпінді Сырдария ауданында да жүйелі жүргізілуде. Бірер жыл бұрын кәсіпкерлердің қолдауымен ауданымызда бірнеше балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, аудан басшысының ұсынысымен кент орталығындағы көпқабатты үйлердің қасбеті жаңартылуда. А.Иманов көшесіндегі үйлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар күз айының соңына дейін аяқталатын болады.
Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бахтияровтың айтуынша, тұрғын үйлердің қасбеті толықтай демеушілердің көмегімен жүргізілуде. Бұл жұмысқа бюджеттен қаржы бөлінбеген.
– Аудан басшысы демеушілерге ұсыныс айтып, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту бастамасын көтерген болатын. Ұсыныс қолдау тауып, бүгінде үш үйдің қасбеті жаңартылуда. Бұл жұмыстар «Универсал Строй Сервис», «Real Stroy Invest» және «Айдарлы Алтын» серіктестіктерінің есебінен жүргізілуде. Қазір жұмыстардың басым көпшілігі аяқталды. Алдағы уақытта да кенттің А.Иманов көшесінің бойындағы басқа да үйлердің қасбетін жаңарту жоспарымызда бар. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қолдау білдіріп, кентіміздің көркеюіне атсалысып жатқан азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді кент әкімі.
Естеріңізде болса, біз аудандық газеттің 5 тамыз күнгі нөмірінде «Абаттандыру жұмыстары жүргізілуде» тақырыбында мақала жариялаған болатынбыз. Сол мақалада А.Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы абаттандырылатыны жазылған еді. Бұл жұмыстар аудан әкімінің бақылауында. Бұйырса, бұл маң кенттің А.Әлиакбаров көшесіндегі тұрғын үйлердің ауласы секілді жаңаратын болады.
Мұнан бөлек кенттегі «Сыр сұлу» монументі де жаңа кейіпке енбек. Қазір жұмыстар басталып, құм үйю, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Газеттің келесі санында демеушілік арқылы атқарылып жатқан игі іс туралы толығырақ жазатын боламыз.
«ТТ» ақпарат