Қауіпсіздікке аса мән беру керек
Бүгінде Тереңөзек кентінің тұрғындары қыс жақындағанда отын мен көмір түсіру машақатынан құтылып, жылу беру маусымында табиғи газдың игілігін көруде. Жаз бойына көгілдір отынды кент тұрғындары тек асханада ғана тұтынса, енді қытымыр қыста үйлер газбен жылытылады. Осы ретте, жылу маусымында газ пештердің ақаулығы жоқ екеніне көз жеткізіп, қауіпсіздікке аса мән беру керек. Бұл жұмыстарды аудан орталығында «Қызылорда газ тарату жүйесі» ШЖҚ КМК-нің аудандық учаске мамандары жүзеге асыруда.
Кент орталығы табиғи газға қосылғаннан кейін оны күтіп-ұстау жұмыстарына аталған мекеме қызметкерлері жауапты. Олардың негізгі қызметі тұрғын үйлерге, ғимараттарға газды қосуға рұқсат беру, газ құбырлары мен қондырғыларын күтіп-ұстау және авариялық қызмет болып табылады. Жалпы, газдандыру жұмыстарының барлығы аталмыш мекеме арқылы жүзеге асырылады.
– Біздің негізгі мақсатымыз – халыққа сапалы және қауіпсіз газды жеткізуді ұйымдастырып, ақау болған жерлерді жөндеу. Мысалы, бір көше бойында су құбырлары ауыстырылып жатқанда газ құбырларына зақым келуі мүмкін. Сол кезде біздің мамандар оны қалпына келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Одан бөлек, енді жылу беру маусымы басталады. Осы кезеңде газ құбырлары мен газ пештерінде ақаулардың болмауы басты назарда болады. Сондай-ақ үйге газ кіргізілгенде оның құжаттарын рәсімдеу мекеме арқылы іске асырылады, – дейді «Қызылорда газдандыру жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тереңөзек кенті өндірістік учаскесінің директоры Еркебұлан Есенгелді.
Учаске директоры газ құбырларында ақауларды болдырмау мақсатында тұрақты түрде бақылау жүргізілетінін де тілге тиек етті.
– Кент орталығына табиғи газ тұрақты берілуде. Мекеменің қызметкерлері жеке және көпқабатты тұрғын үйлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін айтарлықтай жұмыс жасап жатыр. Газ жабдықтарының құралдарынан ақаулардың пайда болғанына байланысты слесарь мен дәнекерлеушілер жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар мамандар газ реттегіш пункттерге тазалық жұмыстарын жүргізе отырып, күн сайын тексеріп отырады. Көпқабатты тұрғын үйлердің газ реттегіш пункттеріндегі газ қысымының реттілігін бақылай отырып, тексеріс жұмыстары кезекшілік жүйесінде атқарылады. Жылу беру маусымына дейін Тереңөзек кентіндегі газ линияларындағы белгілер түзетіліп, сырлау жұмыстары жүргізілді. Жалпы, жылу беру маусымына дайындық сапалы жүргізілуде. Ал әр апта сайын тұрғындарға қауіпсіздік жұмыстары түсіндіріліп келеді, – дейді учаске директоры.
Осы ретте, кент тұрғындары игілігін көріп отырған көгілдір отынның ақысына байланысты мекеме тарапынан ай сайын газдың есептегіш құралынан есептік көрсеткіштер алынып, хабарламалар таратылып отырады. Бүгінде табиғи газдың ақысын «Каспи банк» және «Халық банк»-тің қосымшалары арқылы төлем жасауға мүмкіндіктер жасалған.
Аудан орталығына газ берілгенде бірқатар тұрғын үйлерге газ құбырлары жеткізілмей қалған болатын. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан қайта жобалау жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлерге газ жеткізілді. Бүгінде сол «Ақ дақтар» белгісіндегі бірқатар жеке тұрғын үйлердің құжаттары дайын болып, табиғи газбен қамтамасыз етілуде. Бұл тұста, кентте тұрғын үйлерді газбен жабдықтау үшін 10 жеке мердігер мекеме жұмыс жасап жатқанын айта кеткен жөн.
– Әрбір тұрғын газдан келетін қауіпті назардан тыс қалдырмауы тиіс. Ал біздің тарапымыздан қауіпсіздікті сақтауға жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сол негізде мекеменің қызметкелер саны артып, өндірістік біліктілігін жоғарғы деңгейге жеткізу үшін қарқынды жұмыс жасалуда. Қазіргі таңда аудан орталығында 1600-ден аса тұрғын үй көгілдір отын көзін пайдаланып отыр. Ал 1700-ден астам тұрғын үйге газ қондыруға өтінім түсті. Алдағы уақытта Тереңөзек кентін толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ескерте кетейін, табиғи газдың ақаулығы болған жағдайда 109 нөміріне жедел хабарласу керек, – дейді Е.Есенгелді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ