Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіздік ережесін қаперде ұстайық

Қауіпсіздік ережесін қаперде ұстайық

«Көгілдір отынның» пайдалануға берілуі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартқаны белгілі. Десе де табиғи газдың да азаматтарға артар өзіндік жауапкершілігі, пайдалану заңдылығы бар. Атап айтқанда, тез тұтанып, өрт қаупін тудыратын газды абайлап пайдаланбаса, орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін.

«Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің аудандық бөлімшесінің басшысы Е.Есенкелдінің айтуынша, бүгінде аудан бойынша 60 әлеуметтік нысан газға қосылған. Сонымен қатар 1620 жеке тұрғын үй иелері «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Бұл Тереңөзек кенті халқының шамамен 70 пайызын құрайды. Осы ретте, табиғи газдан келетін қауіпті түсіндіру, қауіпсіздік ережелерін насихаттау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.

– Біз аудан әкімдігімен, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Оның ішінде, көп қабатты тұрғын үй иелерімен кездесу өткізіп, ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын насихаттадық. Табиғи газдың игілігін аудан халқы биыл бірінші рет көріп отырғандықтан ірілі- ұсақты мәселелердің кездесуі орынды. Дегенмен, қателікке жол беруге болмайды. Кішкентай олқылық үлкен апатқа ұшыратуы мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын қауіпсіздік ережесін қаперде ұстағаны жөн. Қандай да бір күмән болса, мамандардың көмегіне жүгіну қажет, – дейді «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің аудандық бөлімшесінің басшысы.

Маманның айтуынша, тек жұмыс істейтін газ жабдықтарын пайдалану керек. Жалынның түсін бақылаудың да маңызы зор. Егер, жалын қызғылт сары болса – бұл құрылғының ақауы бар екенін білдіреді, Мұндайда дереу газ мамандарын шақыруыңыз керек. Жұмыс істеп тұрған газ плиталар мен су жылытқыштарды қараусыз қалдыруға болмайды.

– «Табиғи газдың иісі пайда болғанда не істеу керек?» деген сұрақ жиі қойлады. Мұндайда газ құрылғыларын пайдалануды дереу тоқтату қажет. Құрылғылардағы және құрылғылардың алдындағы шүмектерді жауып, бөлмені желдету үшін терезенің жел көздері мен терезелерді ашқан дұрыс. Ең маңыздысы, ашық отты жақпаңыз, темекі шекпеңіз, электр жарығы мен электр құрылғыларын қоспаңыз
және өшірмеңіз, Сондай-ақ электр қоңырауларын қолданбаңыз, – дейді Е.Есенкелді.

А.СЕЙІЛОВ
11 қаңтар 2022 ж. 545 0