Табиғи газдың ақысы қалай төленеді?
Қазір көгілдір отынның игілігін көріп отырған тұрғындарды осы сұрақ көп мазалайды. Олай дейтініміз, өткен жылы аудан орталығына табиғи газ беріліп, содан бері көгілдір отынды тұтынып отырғандардың кейбірі оның ақысын төлеуде осындай сұрақ туындайтынын айтып жатады. Тіпті, қыс таяп қалғанда енді ғана табиғи газды тұтына бастаған тұрғындар ақысын қалай төлеу керектігін білгені абзал. Осы сауалды «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кентіндегі өндірістік учаскесінің басшысы Еркебұлан Есенгелдіге қойған едік.
Учаске басшысы көгілдір отынның ақысын екі жолмен төлеуге болатынын жеткізді. Оның біріншісі – өндірістік учаскенің кассасына барып төлеу.
– «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесі мекемесі Тереңөзек кентіндегі А.Алиакбаров көшесі 68 үй мекенжайында орналасқан. Мұнда газ тарату мекемесінің кассасы бар. Тұрғындар осында келіп көгілдір отынның шығындарын төлеуге болады. Бүгінгі таңда 1 текше метр газдың бағасы 18,99 теңгені құрайды. Біздің мамандар әрбір үйдің бір айда қанша көлемде табиғи газды тұтынғанын есептеп береді. Сол бойынша өндірістік учаске кассасына келіп газдың ақысын төлейді, – дейді Еркебұлан Есенгелді.
Одан бөлек, тұрғындар көгілдір отын ақысын «Halyk Bank» қосымшасы арқылы төлеуге мүмкіндігі бар. Өндірістік учаске мамандары нақтылап берген мөлшерді қосымшадағы коммуналдық шығындар арқылы үйден шықпай-ақ төлеу қарастырылған.
– Тағы да ескеретін жайт, газ желісіне тұрғын үйді қосу жұмыстарын сертификатталған мамандар, сонымен қатар, қосу жұмыстарын жүргізетін арнайы жеке кәсіпкерлердің көмегіне жүгінген дұрыс. Және де тұрғындар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек. Авариялық жағдайлар мен басқа да оқыс оқиғалар бойынша «109» бірыңғай байланыс орталығына хабарласу қажет, – деп ескертеді өндірістік учаскесінің басшысы.
Айта кету қажет, бүгінгі күні аудан орталығында 1325 тұрғын үй мен 22 әлеуметтік нысан газға қосылған. Бұл кент тұрғындарының 50 пайызынан астамы табиғи газ игілігін көріп отырғанын білдіреді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ