Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірінші сыныпқа 744 оқушы қабылданды

Бірінші сыныпқа 744 оқушы қабылданды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев білім саласы қызметкерлері­мен кездесіп, жаңа оқу жылының бағыт-бағдарын айқындады. Кездесуге мекеме басшылары, мектеп директорлары, балабақша мең­герушілері, білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Аудан басшысы сондай-ақ №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейіне барып, алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

Аудан басшысы жаңа оқу жылының бас­талуына орай ұйымдастырылған кезде­суде өткен оқу жылы аудан үшін нәтижелі болғанына тоқталды.

– Біз білім саласында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Биыл ауданда 29 оқушы «Алтын белгіге», 52 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Облыс бо­йынша ауданымыз ҰБТ қорытындысы мен мемлекеттік грант көрсеткіші бойынша үздік үштікте. Жылдан-жылға рес­­­пуб­ликалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанып, марапат төрінен көрінген ұстаз­­дар мен шәкірттер қатары көбейді. 177 оқушы облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі бағыттағы байқауларда жүлдегер атанса, 37 мұғалім кәсіби байқауларда жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Мен, мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымының жемісті еңбектеріне, үнемі қолдау білдіретін сала ардагерлеріне алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков жаңа оқу жылына дайындық туралы хабарлама жасап, биыл бастауыш білім беруде 1-2 сыныптарда «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері бөлініп оқытылатынын және 2 сыныптан «Орыс тілі» пәнін оқыту басталатынын жеткізді. Ал «Шет тілі» пәні 1-2 сыныптарда оқытылмайды. Негізгі орта мен жалпы орта білім беру деңгейлерінде академиялық жылды аяқтаған кезде қазақ тілінен емтихан тапсырады. Оқу жылы 34 аптаны құрап, 25 мамырда аяқталады.

Аудан бойынша әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 234 баланы толық тегін тамақпен қамту жоспарлануда. Сонымен бірге, қыркүйек айынан бас­тап балабақшадағы 325 педагогтың жала­қысына 30 пайыз үстемақы қосылады. Білім бөлімінің басшысы мектептер жаңа оқу жылына толық дайын екенін айтты.

Жиында ауданның білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар ұстаз «Алғыспен» марапатталды. Сонымен қатар білім саласынының ардагерлері Ұлмекен Жанәлиева, Күлбарам Әбілова, аудандық білім қызметкерлері кәсіп­ода­ғының төрағасы Алмас Есназар сөз сөйлеп, ұстаздарға жаңа оқу жылына табыс тіледі.

Аудан әкімі оқушыларға сапалы білім және саналы тәрбие беруде білім қызмет­керлеріне қойылатын талап жоғары екенін жеткізіп, маңызды тапсырмалар жүктеді.

1 қыркүйек күні аудан әкімі Тереңөзектегі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-ли­цей­ін­дегі салтанатты іс-шараға қатысты. Мұнда аудан басшысы ұстаздар мен ата-ана­ларды, сон­дай-ақ оқушыларды Білім күні­мен құт­тық­­тап, оқу ордасының сынып бөлмелерімен танысты.

– Білім – баға жетпес байлық, ел дамуы­ның алтын арқауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім мен ғы­лымның дамуына аса мән беріп, жастарды оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге үндеп келеді. Ал облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен білім саласында айтулы жетістіктер бар. Атап айтқанда, өткен жылы аймақта 19 балабақша, 6 мектеп пайдалануға берілсе, алдағы 3 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп пайдалануға беріледі. Оның біреуі біздің ауданда 2024 жылы салынады деп жоспарлануда. Ерекше атап өтетініміз, өткен оқу жылы аудан үшін табысты болды. Облыс бойынша Сырдария ауданы ҰБТ қорытындысы мен мемлекеттік грант көрсеткіші бойынша үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бұл – барлығымыз үшін зор жетістік. Мұндай жетістіктер аудан ұстаздарының еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымына, оларға үнемі қолдау білдіретін сала ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.

Салтанатты іс-шарада ардагер-ұстаз, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Анар Ізбасарова мен білім саласының майталманы, еңбек ардагері Сұлупан Шамшадинова бастаған құрметті меймандар мерекелік лебізін білдірді. Алғашқы қоң­ырауды 11 сынып оқушылары Мейіржан Ахметов пен Үміт Қойшыбаева және 1 сынып оқу­шылары Нұрлыбек Айтмағанбет пен Назерке Алмасқызы соқты.

Мұнан соң аудан оқушылары Білім күніне ар­налған «Мектебім – мейірім мекені» тақы­рыбындағы бір­ыңғай сынып сағатына қатысты­.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
02 қыркүйек 2023 ж. 218 0