Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰЛАҚТАН ҮНІҢ КЕТПЕСТЕЙ, СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

ҚҰЛАҚТАН ҮНІҢ КЕТПЕСТЕЙ, СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

25 мамыр – түлектердің соңғы рет ақ бантик тағып, оқушылардың мектеппен, тоғыз ай арқалаған сөмкелерімен үш айға қоштасар күні. Ал кейбіреулер үшін бақытты балалық шағымен қоштасқанына 10,20,30,40 жыл салып, сағынышпен мектептерімен кездесер күн. Осындай айтулы датаны биыл ауданға қарасты 17 мектеп атап өтіп жатыр. Аудан бойынша 2018-2019 оқу жылында  11 сыныпты 307 оқушы бітіреді.
Соңғы жылдар Сырдария ауданының білім саласы үшін жарқын жетістіктерге толы жемісті болды. Аудан ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оқушылар биік белестерді бағындырып, аудан абыройын асқақтатты. Аудан мектептерінің орта мектеп курсын 2017-2018 оқу жылында 338 оқушы бітірді. Олардың 216-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. 2017-2018 оқу жылындағы ҰБТ-ға қатысқан 216 түлектің 157-і мемлекеттік білім беру грант иегері атанса, 21 оқушы облыс әкімінің және 2 оқушы ректор грантын жеңіп алды. Сонымен қатар, өткен жылы 20 оқушы «Алтын белгі», 11 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. «Үздік директор – 2018» байқауында №129 Ә.Жәмішев атындағы орта мектебінің директоры Ж.Назаров жеңімпаз атанды.
Қазіргі таңда ауданның білім саласында 1 колледж, 5 мектеп-лицей, 12 орта мектеп, 17 мемлекеттік және 5 жеке балабақша, 6 шағын орталық жұмыс жасайды. Білім алушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану бағытында арнайы іс-шаралар жоспары белгіленіп, оқу ордаларында тәрбиелік мәні зор жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Айту керек, биылғы оқу жылында 220 мектеп бітіруші түлек ҰБТ-ға қатысады деп жоспарлануда.
Білім және ғылым министрі Күлаш Ноғатайқызы Шамшадинованың мектеп бітіру кештері мектеп қабырғасында  мектеп бітіруші түлектердің мұғалімдерге жылы лебіздерін білдірумен шектелу керектігін атап өтті. Министрлік  мектеп бітіру кешінің мақсатын сәнді киімдер мен мол дастарханды көрсету емес, шын жүректен, жақсы ұйымдастырылған шара ретінде балалардың, мұғалімдер мен ата- аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп есептейді. Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған мектеп бітіруші түлектердің үндеуін біздің де түлектеріміз қолдады. Айта кету керек, биыл ауданның барлық мектебіне үкіметтік және үкіметтік емес ұйым өкілдері соңғы қоңырау салтанатына арнайы барып, қатысты.

Майя БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ


25 мамыр 2019 ж. 1 253 0