Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш республикалық тасжолда жаңа бақылау жүйесі іске қосылды

Үш республикалық тасжолда жаңа бақылау жүйесі іске қосылды

Қазақстандағы республикалық маңызы бар тағы үш автожол учаскесінде орташа жылдамдықты анықтау жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа бақылау жүйесі Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарындағы тасжолдарда жұмыс істейді.

Жүйе көліктің бақылау учаскесіне кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Осы мәліметтер негізінде жүріп өткен қашықтық пен уақыт есептеліп, көліктің орташа жылдамдығы автоматты түрде анықталады. Демек, жүргізушілердің камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендетуі нәтиже бермейді. Белгіленген шектеуді жолдың бүкіл бақылаудағы бөлігінде сақтау қажет.

ІІМ мәліметінше, қала сыртындағы жолдарда, әсіресе қозғалыс сирек әрі жол түзу учаскелерде жүргізушілер жылдамдықты байқамай асырып жіберуі мүмкін. Ал бұл – ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болатын негізгі факторлардың бірі. Мұндай жағдайларда жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді.

Министрлік қараша айында күннің ерте бататынын, жолдарда тұман, қар және көктайғақ болуы мүмкін екенін де ескертті. Осыған байланысты жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтап, ауа райы мен жолдың жай-күйіне қарай қауіпсіз жылдамдықты таңдауға шақырды.


Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
09 қараша 2026 ж. 16 0